ҚР Тәуелсіздігі күніне орай Қызылорда жүк тасымалы бөлімінде теміржолшылардың техникалық ілім-білімін сарапқа салатын байқау өтті.
«Білімі бойынша үздік» конкурсы сала мамандарының күнделікті атқарып жүрген жұмыстарын қаншалықты дәл, анық, қауіпсіз әрі дұрыс жасайтынын бағамдап, сын таразысына салды.
Түркістан мен Сексеуіл станциялары арасындағы станциялардан 36 теміржолшы қатысқан сайысқа бөлім бастығының орынбасары Бекжан Өтеулиев пен кәсіподақ ұйымының төрағасы Мұхтар Көпірбаев, заңгер Дархан Айқожаев қазылы жасады. Алдымен алдын ала дайындалған билеттің 3 сұрағына жауап берген қатысушылар қосымша үш ситуациялы сауалға дұрыс әрекеттерін көрсетуі тиіс болды. Әрбір теміржолшының ТПЕ, ПҚН, СБЕ (птэ, иси, идп) талаптары мен ережелерді білуі есепке алынды.
– Теміржолшылардың білімін тексере отырып жетілдіруді мақсат еткен бүгінгі сайыста оған қатысушылардың білім-біліктілігі қанағаттанарлық деңгейді көрсетті. Дегенмен машинистердің жауабынан олардың шын мәнінде өзге әріптестерінен оқ бойы озық тұрғанын байқадық, – деді бөлім басшысының орынбасары Бекжан Өтеулиев.
Конкурста машинист, машинист көмекшілері, вагон қараушылар, пойыз құрастырушылар және станция кезекшілері білім деңгейлерін байқатты. Жүлделі орындар да конкурсанттардың мамандығына қарай үшке бөлініп, тоғыз орынға диплом мен қаржылай сыйақы берілген.
– Теміржолшылардың арасында білім деңгейін жетілдіру жыл бойы жүргізіледі. Себебі пойыздар қозғалысы мен еңбек адамының қауіпсіздігі, техникалық қауіпсіздіктің сақталуынан маңызды ештеңе жоқ. Білім жарысына мекеме басшыларының таңдауымен емес, жергілікті жерлердегі сыннан сүрінбей өткендер қатысты. Алдағы уақытта да осындай шаралар жиі өткізіліп, әріптестеріміздің білімін шыңдауға басымдық берілетін болады. Бүгінгі тоғыз жүлделі орынға лайықты үздіктер ие болды, – деді кәсіподақ ұйымының төрағасы Мұхтар Көпірбаев.
Сайыста сұрақтарға теңдей жауап берген машинистер Тоқтар Алмаханов пен Ғабит Бердузақов арасында бәсеке өрбіп, «шақыру сигналымен пойызды қабылдау кезіндегі машинистің әрекеті» жайлы қосымша сауал берілді. Екі машинист те сұраққа дұрыс жауап берді, алайда Ғабиттен гөрі Тоқтардың жауабы тұшымды, дәл деген ұйғарым жасалып, жеңіс Қазалы айналым депосының машинисі Тоқтар Алмахановқа бұйырды. Екінші орын тиісінше Сексеуіл локомотив пайдалану депосының машинисі Ғабит Бердузақовқа, 3-орын Қызылорда локомотив пайдалану депосының машинист көмекшісі Берікбол Тлеубаевқа берілді.
Ал вагон қараушылар арасындағы додада Сексеуіл техникалық қызмет көрсету бекетінің вагон қараушы-жөндеушісі Болат Сансызбаев 1-орынға, Қазалы техникалық қызмет көрсету бекетінің вагон қараушы-жөндеушісі Серік Шаден 2-орын, Қызылорда техникалық қызмет көрсету бекетінің вагон қараушы-жөндеушісі Омар Тәңірбергенов 3-орынға ие болды. Станция теміржолшылары арасындағы бәсекеде Төретам станциясының пойыз құрастырушысы Жаппар Досымов 3-орын, Жандос Жұмағазы 2-орын, Төретам станциясының кезекшісі Нұрлан Өтеулиев жүлделі 1-орынды иемденді.
Сабырхан СЕЙІЛБЕКҰЛЫ
Суретті түсірген автор