Білім – барлық қауіптің алдын алады

«ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС – «Жамбыл ЖТ бөлімшесі» филиалының Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау, өндірістік қауіпсіздік және экология қызметінің жетекші инженерлері Ә.Түлеков пен М.Меделбай Тараз көлік және коммуникация колледжінің студенттерімен кездесті.
Кездесуде теміржолшылар болашақ мамандарға еңбек қауіпсіздігін сақтау, қауіп-қатердің алдын алу жолдары туралы әңгімеледі. Жастармен ашық диалог форматында өткен шара 28 сәуір – Дүниежүзілік еңбекті қорғау күніне орай ұйымдастырылғанын айту керек. Іс-шарада еңбекті қорғаудың ең тиімді жолы – үйрену және үйрету екенін, көптеген өндірістік жарақаттардың теориялық білімнің, тәжірибенің жоқтығынан туындайтынына тоқталған колледж директорының оқу-өндірістік ісі жөніндегі орынбасары Ж.Тайбеков кездесуге практик мамандар шақырылғанын атап өтті.
Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласына жауапты мамандар студенттерге теміржол саласында өндірістегі қауіпсіздік мәселесі бірінші орында тұратынын түсіндірді. Жұмысшыны денсаулығына кері әсер ететін түрлі факторлардан қорғап, сақтандыру – жұмыс берушінің міндеті екені түсінікті. Ал қауіпсіздік талаптарын сақтау, өндірістік жабдықтар мен құрылғыларды сауатты қолдану ережесін естен шығармау – жұмыскердің жеке жауапкершілігі. Осыны баса айтқан теміржолшылар теориялық білім мен практикалық дағды барлық қауіптің алдын алатынын еске салды. Кездесу соңында «Теміржол аймағы – қауіпті аймақ» ережесі жазылған жадынамалар таратылды.
Ардақ Үсейінова