Бір суреттің тарихы…

Осыдан жарты ғасырдан астам уақыт бұрын, дәлірек айтсақ 58 жыл бұрын түсірілген бұл сурет ерекше қызығушылығымызды туғызды. Аса бағалы да құнды дүние тауып алғандай қуанып, таңданысымызды да жасыра алмадық…
Өткен ғасырдың ортасында түсірілген бұл суретте сол кездегі кеңестер одағы деген алып елдің астанасы Мәскеуде оқыған қазақ жастары бейнеленген. Әйтсе де, олар бертін келе қазақ темір жолының қадау-қадау тұлғаларына айналған студенттер екені тарихи фотосуреттің бағасын арттыра түсетіні сөзсіз.
Соғыстан кейін, 60-жылдары Мәскеудегі теміржол институтында (МИИТ) осыншама қазақ жастарының оқығаны, шынымызды айтсақ, таңданысымызды тудырды. Демек, сол кезде 20-25 жас аралығындағы бұл студент жастар соғыстың алдында немесе соғыс жылдары дүниеге келген ұрпақ болды ғой. Қыз-жігіті аралас алпысыншы жылдардың жастары бүгінгі құрдастармен салыстырғанда ересек көрінеді және бүгінгі жастарға қарағанда жүздерінен біртүрлі зиялылық сезілгендей ме қалай…
Әрине, деп ойладық, бұлар тегін жастар емес, Қазақстанның әр өңірінен таңдап Мәскеуге оқуға жіберген Қазақ темір жолының үкілі үміттері болғаны анық.
Олардың әрбірі өздеріне жүктелген миссияны, ел аманатын жақсы түсінген. Өз- өздеріне сенімді, білімге құштар бұл жастар күні ертең тауды бұзып, тасты жарып, Ұлы Қазақ темір жолының көсегесін көгертетін айтулы тұлғалар болып қалыптасатыны олардың парасат тұнған жүздерінде тұр. Көпшілігі жауапты, биік лауазымды қызмет атқарып, саланың ең мәртебелі марапаты «Құрметті
теміржолшы» белгісіне ие болып, отандық теміржол саласының дамуы мен өркендеуіне өз қолтаңбаларымен ескерткіш қалдырғаны да дау тудырмайды.
Кеңестер одағында бір ғана ұлт пен ұлыс бар деген түсінік қалыптасқан заманда қылышынан қан тамған қызыл коммунистер қаһарынан жасқанбай оларға «ҚАЗАҚ СТУДЕНТТЕРІ» деп жаздырған қандай күш? Сол жылдары Мәскеуде оқитын қазақ жастары құрған «Жас тұлпар» қозғалысы компартия тарапынан қандай қуғынға ұшырағаны тарихтан белгілі. Мүмкін мынау суреттег жастардың ішінде де сол жас тұлпарға мүше болғандар бар шығар… Қиял шіркін бізді талай қиырларға жетелеп әкетті….
Айта кетейік, бұл құнды фотосуретті бізге көрсеткен «Қазпрофтранс» ҚБ төрағасының орынбасары Бақытжан Қуанышевтың өзі де де МИИТ түлегі.
-Өткен ғасырдың 60-65 жылдары МИИТ-те білім алған қазақ жастары шын мәнінде бұдан да көп болған. Көбісі елге танымал белгілі тұлғалар, мықты мамандар болып қалыптасты. Мен білетін бірнеше мықты теміржолшы жоқ мұнда.
Екі рет «Құрметті теміржолшы» атағын алған Қазақстандағы төрт адамның бірі – Мұқан Пірімбетов, Орман Шуданов пен Тойкен Қангереев те сол тұста Мәскеуде оқыды… – деп мәлімет берді техника ғылымдарының докторы, кезінде ҚазАТК ректоры болған белгілі теміржол көлігінің ардагері.
Айтуынша, суреттің түпнұсқасын ҚТЖ Ардагерлер кеңесінің төрағасы Болатбек Дүйсемәлиевтің жеке архивінен кездестіріп, дереу бірнеше көшірмесін жасатып алған. Бақытжан Мұхамедұлының рұқсатымен ВСПОМИНАЯ МИИТ (ALMA MATER) атты көлемді автобиографиялық еңбегімен таныса келе, кезінде МИИТ расымен Қазақстан үшін кадрлар ұстаханасы болғанына көз жеткіздік.
Жоғарыдағы тізімді әрі қарай Шманов Марат, Айдаркулов Каражан, Фатима Күленова, Молдасалиев Болатбек, Аяпов Умбет, Калмурзаев Мынуар, Коруспаев Камбар, Базилов Куаныш, Дюсемалиев Болатбек, Бекжанов Кабдолда, Марат Жұмабаев, Досаев Бекболат, Кудербеков Малик, Алтаев Нурлан, Жарилкаганов Мурат, Узенбаев Мейрамалы, Сагатов Ануарбек, Байдаулетов Нуржан, Шоқанова Қарлығаш, Аманбаев Дүйсенбек, Жанат Ибраимбаев, Котырев Батыр, Ұйқасбаев Алмас, Серік Байтаев, Жакишев Ержан, Аспаева Зубайда, Шыңғыс Дәрібаев, Сания Аманшина… тағысын тағы танымал теміржолшылар тізімімен толықтыра беруге болады.
Әрине, бұл студенттердің көбісі кейін елге танымал азаматтар болғаны анық. Отандық теміржол көлігінде талай жыл тер төккен олардың көбісі даңқты теміржолшылар династиясының өкілі болуы бек мүмкін, бүгінде олардың ұлдары немесе немерелері әке жолын жалғап жүрген де болар. Алдағы уақытта олар туралы мәлімет жинап, сериялы мақалалар жариялауға тырысамыз.
Меруерт ӨМІРЗАҚОВА