Боулинг ойнады

25 қарашада басталған «Зорлық-зомбылыққа қарсы белсенділіктің 16 күні» республикалық акциясы шеңберінде Теміржолшылар кәсіподақ ұйымының Жамбыл филиалы салада еңбек етіп жүрген қыз-келіншектер арасында боулингтен турнир ұйымдастырды.

Халықаралық Конвенцияда әйелдерге қатысты кемсітушілікті жою күніне орай жалпы ҚТЖ көлемінде қолға алынған іс-шаралар аясында өткізілген жарыста Жамбыл жүк тасымалы бөлімшесіне қарасты мекемелерден 6 команда құрылып, өзара бақ сынасты.
Тараз қаласындағы «Боулинг» орталығында өткен турнирдің ашылу рәсімінде Теміржолшылар кәсіподақ ұйымы Жамбыл филиалының төрағасы Жұман Сәменов пен Жамбыл бөлімшесінің бас инженері Дүйсенбек Сыдықов сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі. «Зорлық-зомбылыққа қарсы белсенділіктің 16 күні» акциясы 16 желтоқсанға дейін жалғасатынын атап өтті.
Жалпы командалар боулинг жарысына жақсы дайындықпен келген екен. Әр құрама бір-біріне есе жібермеуге тырысты.
– Турнирге қатысуға Жамбыл жол бөлімшесінен 6 командадан өтінім түсті. Әр топта бес-бестен, 30 адам. Жеңімпаздарға арналған кубок, дипломдар мен сыйлықтарымыз бар, – деді жарыстың жалпы ережесін түсіндірген Теміржолшылар кәсіподақ ұйымы Жамбыл филиалы төрағасының орынбасары Серік Наурызбаев.
Тартысты өткен бәсекеде Жамбыл бөлімшесінің спорт нұсқаушылары Евгений Тян мен Амангелді Байходжаев автоматты көрсеткіштер бойынша талдау жасап, үздік командаларды анықтады.
Турнир қорытындысында «Тараз» командасы чемпион атанды. Ал «НОД-8/1» құрамасы 2-орынды иеленді. Үздік үштікті түйіндеген топ – «ВЧД-27» спортшылары.
Сондай-ақ жарыста «Кәсіподақ» командасы «Үздік спорттық форма» номинациясына ие болса, «Тараз» құрамасынан Айнагүл Нағашбек турнирдің «Үздік ойыншысы» атанды.
Ардақ ҮСЕЙІНОВА, Тараз
Суретті түсірген автор