Биылғы жылдың мамыр айында волейболдан теміржолшылар арасында өтетін чемпионатқа түбектің құрама командасы дайын. Олар жақында Маңғыстау станциясындағы «Жеңіс» спорт кешенінде өткен іріктеу турнирінің нәтижесі бойынша таңдалды.
Іріктеу ойынында Болашақ, Өзен, Бейнеу, Маңғыстау станцияларынан келген жеті топ өзара бақ сынасты. Іріктеу турнирі болғандықтан барлық ойыншы да үздік нәтиже көрсетіп, алдағы чемпионатқа қатысуға ынта-жігері көрініп тұрды.
Таңертең басталған жарыс кешке дейін жалғасып, ойыншылар тіпті түскі уақытта да үзіліс алмады.
– Теміржолшыларымыз өте шебер ойын көрсетті. Спорт кешені кешкі сағат 19:00-ге дейін бос болған жоқ. Жарыс тартысты да шиеленісті өтті.
Олардың ішінен жеңімпаз командаларды анықтау оңай болған жоқ. Бәрі үлкен дайындықпен келіпті. Дегенмен қорытынды есеп бойынша бірінші орынды қосалқы бөлімнің командасы, екінші орынды Болашақ станциясындағы теміржол мекемелерінен жинақталған жігіттер, үшінші орынды Маңғыстау электрмен жабдықтау дистанциясының ойыншылары алды. «Үздік ойыншы» аталымы Саламат Бекеновке бұйырды. Ол бұрын да құрама команда сапында болған еді. Енді араға төрт жыл салып тағы да үздік ойыншылар қатарына кіріп, Бурабайда өтетін чемпионатқа Маңғыстау теміржолының атынан қатысуға мүмкіндік алды. Кешегі іріктеуден өткен жігіттеріміз де дайындыққа кіріспек. Олардан күтеріміз тек қана жеңіс, – дейді Маңғыстау теміржолының спорт жөніндегі нұсқаушысы Нұрайна Қыдырова.
Жарыс соңында жеңімпаз командалар қаржылай сыйлықтармен, диплом және кубокпен марапатталды. Ал Бурабайға барып, түбек теміржолының намысын қорғайтын құрама командада «Сен тұр, мен атайын…» дейтін кіл мықты ойыншылардан құралған тоғыз жігіт бар.
Шахида ЖҰМАН, Маңғыстау