Вы сейчас просматриваете Дайындық деңгейін шындады

Дайындық деңгейін шындады

Семей ЖТ бөлімшесі бойынша қауіпті жүктер тасымалын жүргізудің өзіндік алгоритмі бар. Оның сыртында бірқатар тораптық станцияларда оқу-жаттығу жиындары да жиі ұйымдастырылады.
Мәселен жуырда 06-ЦГ/24 хаттамалық шешімі бойынша жоспардан тыс қауіпті жүктерді өрттен қорғау бойынша кезекті мәрте жаттығулар ұйымдастырылды.
Аталмыш іс-шараға Семей станциясындағы өрт сөндіру пойызы, станция қызметкерлері мен вагон қараушылар және Абай облыстық Төтенше жағдайлар басқармасының төкілдері қатысты.
Алдын ала белгіленген сценарий бойынша станция басына келіп тоқтаған жүк пойызының цистернасынан желі бойына аса қауіпті химиялық сұйықтық төгіледі. Станция қызметкерлерінің қатысуымен аумақта «төтенше жағдай» жарияланып, апатты жою жұмыстары қауырт түрде басталады. Оқиға барысында бір вагон қараушының ауыр деңгейде «уланғаны» да анықталады.
Осылайша, арнайы штаб құрылып, бірқатар күштік құрылымдар бірлескен түрде шұғыл әрекетке көшеді.
Оқу-жаттығудың мақсаты – орын алған апатты дер кезінде анықтап, қауіптілік деңгейін бағалау. Арнайы қызметтерге дер кезінде хабарлау, апат аймағынан теміржолшыларды эвакуациялау, қауіпті сұйықтықты уақыт оздырмай залалсыздандыру және ең маңыздысы осындай қауіпті сәт орын алған жағдайда барлық қызмет түрлерінің жұмысын тез арада үйлестіру.
– Бұл тактикалық жаттығудың берері мол, шынайы оқиға орын алар болса, қызметкерлер үшін зор тәжірибе көзі болады. Іс-қимыл алгоритмін ширатып, апатты жоюға қатысатын барлық қызмет өкілдерінің даярлығын жоғары деңгейге жеткізеді, – дейді бұл орайда Семей ЖТ бөлімшесінің еңбекті қорғау және өндірістік қауіпсіздік бөлімінің бастығы Сәкен Мұратұлы.
Айта кетерлігі, Семей ЖТ бөлімшесі аумағынан реактивті және күкірт тәрізді аса улы химиялық қауіпті жүктердің тасымал қарқыны жыл бойына жоғары.
Ал оларды тексеру, қадағалау шаралары өзгеше тәртіппен жүргізіледі.
Мұндай оқу-жаттығу сондай-ақ бөлімшеге қарасты Өскемен-1 станциясында да өткізіліп, өрт сөндіру пойызы мен теміржолшылар қырағылығын шыңдады.
Абай ЕРТІС, Семей
Суретті түсірген автор