Биылғы төл мерекеде Қызылорда белгі беру және байланыс дистанциясының ардагерлері қуанышқа бөленді. Дистанция бастығы Аман Көбеновтің бастамасымен аға буын өкілдері үшін арнайы бөлме ашылды.
Саналы ғұмырын осы дистанцияның дамуына сарп еткен жандар ендігі жерде бос уақыттарында ардагерлер бөлмесінде бас қосатын болады. Кең де жарық бөлмені жасақтап, ардагерлерге жайлы орынға айналдыруға кәсіподақ ұйымының төрайымы Ғалия Қожахметова мен кадр бөлімінің басшысы Жанар Есенқараева бастаған белсенділер үлес қосыпты. Ардагерлер ұйымының төрағасы Рахматулла Нұрымбетов дистанция есебіне тіркелген зейнеткерлерді бастап келіп ізбасар әріптестеріне алғыстарын білдіріп, баталарын берді.
– Бізге ақыл-кеңесін беріп, тәжірибесімен бөлісіп отыратын аға буын ардагерлерімізге қашан да құрметіміз ерекше. Аймақтағы жалғыз ҰОС ардагері Төлеген Жүнісов ақсақалдың ахуалын біліп, үнемі назарда ұстап отырамыз. Тамыздың басында кәсіби мерекемен құттықтап барып қайттық. Биыл дистанциямыздың мақтанышы Нұрлан Жәнібеков «Құрметті теміржолшы» атағын алса, тағы он шақты адам құрмет грамотасымен марапатталды. Осының бәрі біздің дистанцияның абыройы деп білемін, ал оған сіздердің қосқан үлестеріңіз ұшан-теңіз, – деп сөз сөйледі дистанция бастығы ардагерлер бөлмесінің ашылуында.
– Біздер үшін туған шаңырағымызға айналған дистанцияның ыстық-суығы бізге де ортақ. Жақсы жаңалық естісек, қуанып марқайып қаламыз. Мына кабинеттің ашылуы ардагерлерге көрсетілген құрмет деп білеміз. Бұған дейін түрлі себептермен осында келсек, қай қабинеттің есігін ашарымызды білмей жүретін едік, енді тіке өз бөлмемізге келетініміз қандай ғанибет, – деген дистанция бастығының СОБ жөніндегі орынбасары қызметін атқарған Мақсұт Майкелдиев, ардагерлердің аратұра техникалық сабақтарға қатыстырылуы туралы бастама көтерді.
«Бүгінгі енгізіліп жатқан жаңа технология бізге де қызық, қажет болса білгенімізді үйретейік, тәжірибемізбен бөлісейік» деген ардагердің ойын бас есепші болған Ханымша Бекжанова мен диспетчер-зейнеткер Қосымбай Асқаров та қоштады.
Сабырхан Сейілбекұлы