Кеше Қарағанды облысындағы Балқаш-2 станциясында Достық – Мойынты теміржол учаскесінің екінші жолдар құрылысы басталды. Еліміздің транзиттік әлеуетін ұлғайту және Қазақстанның Орталық Азия өңіріндегі көшбасшылығын сақтауға қпал ететін жаңа жол құрылысының басталуын қазақстандықтар телекөпір арқылы тамашалады.
Салтанатты рәсімге «ҚТЖ» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Нұрлан Сауранбаев, теміржол саласының ардагерлері мен теміржолшылар, Қарағанды облысы әкімдігінің, мердігерлік ұйымдар мен отандық кәсіпорындар өкілдері қатысты. «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» Ұлттық жобасына енгізілген жол құрылысының маңыздылығына телекөпір арқылы ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов тоқталды.
– 2021 жылы «ҚТЖ» ҰК» АҚ рекордтық көрсеткіштерге қол жеткізді. Өткен жыл қорытындысы бойынша жүк айналымы 239,3 млрд тонна-км құрады, бұл Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылындағы ең жоғары тарихи көрсеткіш болды. Контейнерлік тасымал көлемі 1 млн ЖФЭ-ден асты. Жалпы, соңғы бес жылда транзиттік контейнерлік тасымал көлемі 4,4 есе өсті. Биыл 10 айда экспорттық жүк айналымы 74 млрд тонна км-ден жоғарылады. Алайда қазіргі таңда өткізу мүмкіндігі мен инфрақұрылымның қуаты өз шегіне жетіп отыр. Бұл стратегиялық маңызды мәселені шешу үшін бірқатар инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру бойынша шешімдер қабылданды. Олардың қатарында Достық – Мойынты, Бақты – Аягөз, Дарбаза – Мақтаарал және Алматы қаласын айналып өтетін айналма жол сияқты теміржол желілерінің құрылысы мен басқа да жобалар бар. Соның ішіндегі ең ірісі саналатын аталған жолдың ел экономикасын ілгері дамытып, транзиттік әлеуетімізді арттырудағы маңызы зор, – деді Премьер-министр. Одан әрі Нұрлан Сауранбаев жаңа жол құрылысы туралы толығырақ ақпарат беріп, «ҚТЖ» ұлттық компаниясы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Достық – Мойынты жобасының құрылысын бастауға дайын екенін жеткізді.
– Бұл – теміржол саласында жүзеге асыруға тапсырылған аса ірі төрт инфрақұрылымдық жобаның алғашқысы. Құрылыс кезінде 419 теміржол объектісі салынады. Оның ішінде 5 үлкен көпір, 87 шағын көпір, 288 су өткізетін құбыр, 14 автожол және бірқатар энергетика, байланыс объектілері бар. Осы құрылыс үшін қазақстандық зауыттардан 2 миллионға жуық шпал, 124 мың тонна рельс және электр жабдықтары сатып алынады. Бұл құрылысты салуға 3,5 мыңнан астам құрылысшы жұмылдырылып, 7 мыңдай шағын орта бизнес өкілдері қызмет көрсетеді. Ұзындығы 836 км болатын Достық – Мойынты учаскесі екінші желісінің құрылысы өткізу қабілетін 5 есеге, яғни жүк пойыздарының 12 жұбынан тәулігіне 60 жұпқа дейін арттыруға мүмкіндік береді. Осы бағытта қазақстандық экспорттаушылардың жүктерін тасымалдау мәселесі де оң шешімін табатын болады, – деген компания басшысы Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Ермек Алпысовпен бірге жаңа жолдың бірінші рельс буынын төседі. Жобаның арқасында шағын және орта бизнес дамиды. Себебі оның құрылысына отандық өндіріс материалдарын, атап айтқанда шпалдар, рельстер, трансформаторлар және т.б. пайдалану жоспарлануда. Осылайша жергілікті қамту үлесі 80%-дан асырылмақ.
– Бұл жобаны іске қосу арқылы бүгін біздің көптен бері көздеген басты мақсатымыз орындалғалы отыр, ол Қытайға бағытталған темір жолдың өткізгіштік қабілетін арттыру болатын. Себебі осы бағыттағы клиенттердің сұранысын толық қанағаттандыруда жолдың өткізгіштік қабілетінің төмендігі кедергі келтіріп келді. Сонымен қатар бұл құрылыс тек теміржол саласында ғана емес, осы жолдың бойындағы басқа да салаларда жаңа жұмыс орындарының ашылуына, темір жолдың инфрақұрылымын жаңғыртуға септігін тигізбек. Ең басты артықшылығы, бұл құрылысқа 85 пайыз қазақстандық кәсіпорындардың өнімі пайдаланылмақ, атап айтқанда «Ақтөбе рельс арқалық» зауыты, Талдықорғандағы рельс бетон құрылысы өнімдерін шығаратын зауыт, Қарағанды мен Алматыдағы темірбетон өнімдерін, трансформаторлар, сымдар өндіретін кәсіпорындар, басқа да барлығы ондаған отандық тауар өндіруші кәсіпорындар өнімі қолданылатын болады, – деді «ҚТЖ» ҰК» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Қанат Әлмағамбетов. Ұлттық компания жобаны жүзеге асыруда мердігер компания – «INTEGRA CONSTRUCTION KZ» ЖШС-не тапсырыс берді. Көлік-логистикалық салада түрлі инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асырумен айналысатын бұл компанияның 24 жылдық тәжірибесі бар.
Кәсіпорын тарихында еліміздегі республикалық маңызы зор ірі теміржол желілерінің құрылысы бар, атап айтқанда, «Ақсу – Дегелең», «Арқалық – Шұбаркөл», «Жезқазған – Бейнеу», «Алматы-1 – Шу», сонымен қатар «Қорғас – Шығыс қақпасы» АЭА-дағы құрғақ порт, Құрық портындағы кеме кешеніне кіреберіс жолдар және тағы басқалары, сондай-ақ «Нұрлы жол» вокзалы да осы кәсіпорын салған нысандар қатарында. Желіні пайдалануға бергеннен кейін теміржолда 500 адам тұрақты жұмыс орындарымен қамтамасыз етіледі. Жобаны іске асырудың жиынтық әсері 2
0 жыл ішінде бюджетке түсетін түсімдерді қосымша 4,1 трлн теңге мөлшерінде ұлғайтуға мүмкіндік бермек. Жол құрылысы 2025 жылдың 4 тоқсанында аяқталады деп жоспарланған.
Райхан РАХМЕТОВА,
Астана – Балқаш – Астана
Суретті түсірген Александр ЖАБЧУК