Семей ЖТ бөлімшесі басшылығына теміржолға жақын орналасқан үйлердің тұрғындары тарапынан локомотивтердің дыбысына қатысты шағымдар жиі түседі. Жуырда теміржол көлігіндегі осынау дыбыстық сигналдардың деңгейі тексерілді.
Тексеру барысында Семей қаласындағы жеке сектор мен қоғамдық орындар, білім ордаларының аумағы баса назарға алынды. Қала маңындағы тұрғын үйлер аса тығыз орналасқан осы аумақтарды теміржол желісі көктей өтеді әрі тораптық жүк станциялары таяу болғандықтан маневрлік жұмыстар жиі жүргізіледі. Мәселен, облыс орталығындағы Жаңа-Семей және Семей станцияларының арасындағы қозғалыс жиілігі екінші тоқсанда аса жоғары болғаны байқалады. Әйтсе де, тексеру шаралары локомотивтердің дыбыс сигналдарының деңгейі тиісті стандартқа сәйкес деген қорытынды шығарды.
– Нұсқаулық бойынша машинистер дыбыс сигналын беруге міндетті. Мысалы, дыбыстық сигналдар пойызды жөнелту кезінде, жылжымалы құрамның станция, көпір, тоннель, өткелдер мен жаяу жүргіншілер өтетін жолдарға жақындаған кезінде беріледі. Сондай-ақ жөндеу жұмыстары жүріп жатқан учаскелерде, жолда бөтен адамдарды байқағанда
сигналдарды қолданамыз. Дыбыстық сигналдар арнайы белгілер орнатылған тұста да беріледі. Сондықтан тепловоз гудогы естілсе, мұны теміржолдағы қауіпсіздікті сақтауға берілген нұсқаулықтың орындалуы деп түсіну керек, – дейді ТЧЭ-24 мекемесінің тепловоз машинисі Мейрамғали Нұрбаев. Жалпы, локомотивтердің дыбыс сигналының деңгейі теміржолдағы қозғалыс қауіпсіздігіне тікелей байланысты екендігі белгілі.
– Бүгінгі қалалықтар желі бойының аса қауіпті аймақ екенін ескере бермейді. Тұрғындар, әсіресе балалар мен жасөспірімдер теміржол маңында рұқсат етілмеген жерлерден жүгіріп өтеді немесе құлаққап тағып, рельс бойымен жүреді. Тіпті, қорқыныш дегенді қойған. Осындай жағдайларда локомотивтің дыбыс сигналы өте маңызды. Алдағы уақыттарда тұрғындармен кездесулер барысында ол жайында түсінік беретін боламыз, – дейді Семей ЖТ бөлімшесі қозғалыс қауіпсіздігі қызметі бөлімінің бастығы Расул Кәукен.
Абай ЕРТІС,
Семей
Суретті түсірген автор