Еңбек – қауіпсіз болса өнбек

«ҚТЖ-ЖТ» серіктестігі филиалы Қызылорда қосалқы бөлімінде еңбек қауіпсіздігі және еңбек қорғау бойынша ұйымдастырылған семинар-кеңес «Қауіпсіз жұмыс жасап, өміріңді сақта» тақырыбында өткізілді.
Компанияның Жүк тасымалы серіктестігіне қарасты мекемелердің бас инженерлері, локомотившілер, еңбек қорғау саласының сектор меңгерушілерінің басын қосқан семинар-кеңеске алпысқа жуық адам қатысты.
Жиын шараны ұйымдастырушы жауапты маманның бірі Қызылорда қосалқы бөлімінің қауіпсіздік және еңбек қорғау, экология бөлімінің бастығы Ғалия Көпжасарованың «Қауіпсіздік минуты» тақырыбындағы кіріспе слайдымен ашылды. Әрі қарай «ҚТЖ-ЖТ» серіктестігі локомотив пайдалану департаментінің бас инженері Арман Садықов, Қауіпсіздік және еңбек қорғау департаментінің бас менеджері Д.Төлеуова, «Медиум клиник» мекемесі өкілдері сөз алып, семинар тақырыбына қатысты баяндама жасап, еңбек қауіпсіздігін қорғау мәселесіне қатысты жаңалықтармен, қажетті мағлұматтармен таныстырды.
– Қазіргі таңда басты мақсат теміржолшының жұмыс жасайтын орны оның өмірі мен денсаулығына қауіп төндірмейтіндей орта жасау болып отыр. Адам жұмыс жасай жүріп қандай да бір жарақат алмауы тиіс. Жалпы локомотив шаруашылығында негізгі жұмыс техникамен атқарылатындықтан машинистің жинақылығы мен қырағылығы, білімі мен білігіне көп нәрсе байланысты. Компания тарапынан жүргізіліп отырған кешенді шаралар аса қауіпті аймақта тәулік бойы жұмыс жасайтын машинистердің қауіпсіздігіне бағытталып отыр. Жаңа локомотивтер алынуда, электрожарақат алмау үшін электровоздарға пломбы басу қолға алынған, машинистердің 16 демалыс үйіне күрделі жөндеу жасалды. Локомотивтерге техникалық қызмет көрсету пункттері де күрделі жөндеуден өткізіліп, жұмысшыларға қолайлы жағдай жасалып жатыр. Жұмыс кезінде теміржолшы жарақат алмауы тиіс, бұл – біздің басты нысанамыз. Бүгінгі семинар-кеңестің мақсаты да осы. Машинист болсын, сектор басшысы болсын, инженер болсын жұмыс орнында денсаулығына қауіп төнетіндей жағдайды сезсе, дереу жұмысты тоқтатып, тәуекел жасауды доғарып, тиісті инстанцияға хабар беруі керек. Осы жағдайды біз үнемі қайталап айтамыз, бүгін тағы да еске салуға мәжбүрміз, – деді «ҚТЖ-ЖТ» ЖШС локомотив пайдалану департаментінің бас инженері Арман Абайұлы.
Қызылорда локомотив пайдалану депосының бастығы Нұртай Байғазы депо тарихына шолу жасап өтіп, бүгінгі ахуалдан мәлімет берді. Ал көліктегі санитарлық бақылау бөлімінің бастығы Зәуре Сандыбаева медициналық тексеруден өту тәртібі туралы сөз қозғады. Қызылорда локомотив пайдалану депосының қауіпсіздік және еңбек қорғау, экология секторының бастығы Әзімхан Жиенбаев «машинистің қайғылы жағдайға душар болу жағдайын зерттеу» жайлы сараптама жасаса, Өскемен, Арыс және Шу деполарында машинистердің қайғылы жағдайға душар болу жағдайын Қанат Макашев, Сағыныш Аралбаев пен Жансұлу Әбилдаева талдады. Жаңа Есіл депосының өкілі Карина Мұхтарова қатысушыларды сергіту ойындарын қызықты өткізді. Семинардың екінші күні Қызылорда локомотив пайдалану депосын аралап, күрделі жөндеуден өткен локомотивтерге техникалық қызмет көрсету цехтарымен танысқан қонақтар аспан асты мұражайында, құм кептіру шаруашылығында болды.
«ҚТЖ-ЖТ» серіктестігі бас директорының локомотив шаруашылығы жөніндегі орынбасары Асан Үмбетов қатысушылармен кездесу өткізді.
– Мамыр айының соңғы екі күнінде Қызылорда локомотив пайдалану депосының базасында өткізу жоспарланған семинар жоғары деңгейде, өте мазмұнды өтті. Теміржолшының қауіпсіз жағдайда жұмыс жасап өз өмірін кез келген қауіптен сақтандырып, еңбегін қорғау мәселесі төңірегінде кеңінен талқылау өткізді. Өткен жылы локомотив шаруашылығы бойынша орын алған жағдайлардың себеп-салдары ортаға салынып, кеңінен талқыланды. Семинарды практикалық тұрғыда өткізуге ұсыныстар айтылды. Қысқасы, еңбек – қауіпсіз болғанда ғана өнбек деген тұжырым жасалды, – деді бөлімнің қауіпсіздік және еңбек қорғау, экология бөлімінің бастығы Ғалия Көпжасарова.
Еңбек қауіпсіздігін сарапқа салған алқалы жиынға қатысқан сала мамандары басқосудың танымдық та, тағлымдық та әсері мол болғанын жеткізіп, семинарды ұйымдастырған қызылордалық әріптестерге риза болып аттанды.
Сабырхан Сейілбекұлы