Вы сейчас просматриваете Еңбек еш болмайды

Еңбек еш болмайды

Жуырда ғана аталып өткен көлік қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай үздік теміржолшыларды марапаттау Маңғыстау темір жолында әлі де жалғасын табуда.

Өткен апта соңында Ақтөбе жүк тасымалы бөлімшесінің Маңғыстау қосалқы бөлімшесінде бір топ мамандар еңбегі ескеріліп, түрлі марапаттармен марапатталды. Пандемияға байланысты шағын форматта ұйымдастырылған аталған жиында бөлімше бастығы Нәжімеден Ғұбашов теміржолшылардың жұмысына тоқталды.

– Бүгінде Маңғыстау теміржолының жеткен жетістігі – сіздердің еңбектеріңіздің жемісі. Теміржолшылардың жұмысы – жауапкершілігі жоғары және әр секунд сайын қауіп-қатермен бетпе-бет келетін жұмыс. Өйткені, кез келген техникада күшпен қатар қауіп-қатер жүреді. Теміржолмен жолаушылар мен жүктерді тасымалдайтын пойыздар қозғалысында алда не боларын болжау қиын. Бұл ретте әр қызметкердің сабырлылығы мен ұқыптылығы, өз ісіне жауаптылығы ең бірінші шешуші фактор болып табылады. Сондықтан теміржол басшылығы салада еңбек етіп жатқан азаматтардың еңбегін жоғары бағалайды. Еңбек ешқашан еш болмайды, кеше ғана Маңғыстау вагон пайдалану депосының бас инженері Құбайдолла Дүзікбаев саладағы ең жоғарғы награда «Құрметті теміржолшы» атағына ие болды. Сіздердің де сондай жетістікке жетуіңізге тілектеспін! – деген Нәжімеден Бақтығалиұлы бір топ қызметкерді «ҚТЖ» ҰК Басқарма төрағасы Нұрлан Сауранбаевтың Құрмет грамотасымен марапаттады.

Сондай ақ, бөлімшенің кадр бөлімі бастығы Екпін Қожахметов Сала кәсіподағы төрағасы Оразғали Ахметбаевтың алғыс хатын алды.

Шахида Жұман, Маңғыстау