Ресейдің Екатеринбург қаласында «Саланы цифрландыру және реформалау жағдайындағы кәсіподақтар» тақырыбында семинар-кеңес өтті.
Оған еліміздің «Қазкөліккәсіп» ҚБ өкілдерімен қатар Ресей, Әзербайжан, Беларусь, Грузия, Қырғызстан, Молдова, Тәжікстан, Өзбекстан және Армения елдерінің теміржол және көлік құрылысы саласындағы мекемелерінің кәсіподақтары қатысты.
Маңызды жиында «Қазкөліккәсіп» ҚБ төрағасының орынбасары Бақытжан Қуанышев «Ауыспалы еңбек жағдайын ескере отырып, кәсіподақ мүшелерінің мүдделерін қорғау» тақырыбында баяндама жасады. Ол баяндамасында кәсіподақтың қызмет бағыттары, төтенше жағдайда кәсіподақ мүшелеріне көрсетілетін материалдық көмектер, шетелдіктер жұмыс істейтін салалық кәсіпорындарда жұмысшылардың мүддесін қорғау, оларды әлеуметтік қолдау, тиімді кері байланыс, кәсіподақты цифрландыру тақырыбын арқау етті. Сонымен қатар ол теміржолда цифрландыру жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатқанын, алайда, сандық жүйе жете қоймаған шалғай станцияларда қызметкерлердің қысқартылуы дұрыс емес екенін мәлімдеді.
– Компанияда қабылданған цифрландыру бағдарламалары кезінде жұмыс орындарын қысқарту және оңтайландыру барысында жұмысшылар мүдделерін ескеру қажеттілігін тілге тиек еттім. Мәселен, аталған бағдарлама шеңберінде Жүк тасымалы бойынша 4209 жұмыс орнын оңтайландыру туралы сөз болды, бірақ кәсіподақтың күшімен жұмыс орындарының тек 15 пайызы ғана оңтайландырылды. Бұл ретте оңтайландыруға ұшыраған барлық жұмысшылар компанияда басқа жұмыстарға алынды. Сонымен қатар пойыздар қозғалысын басқаруды бір орталыққа шоғырландыру бағдарламасына сай 296 вагон қараушы басқа қызметке қайта орналасты. Ал Магистральдық желі дирекциясы бойынша оңтайландырылған ақаутапқыш-операторлар толығымен жол диагностикасы орталығынан жұмыс тапты, – деді Бақытжан Қуанышев.
Аталған семинар барысында сөз алған өзге елдердің кәсіподақ өкілдері де бірнеше өзекті мәселені көтеріп, кәсіподақ мүшелерінің мүддесі үшін ұсыныстар берген.
Райхан Рахметова