Экскурсиялық тур аяқталды

Орталық кәсіподақ жылдағы дәстүрмен «ҚТЖ» ҰК» АҚ еңбеккерлерінің балаларына биыл да Астана қаласына экскурсиялық тур ұйымдастырып, оған еліміздің барлық өңірінен 240 бала қамтылды.
19 маусым мен 9 тамыз аралығында өткен мазмұнды бағдарламаға Семей, Маңғыстау, Защита, Жамбыл, Атырау, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Ақмола, Павлодар, Шымкент, Батыс Қазақстан және Астана өңірінің балалары қатысты.
Балалардың әр кеші аниматорлардың қатысуымен түрлі ойындар, флешмоб, челлендж, балалар би кешімен өріліп, ал күндіз олар елорда төріндегі «Нұр Әлем» болашақ мұражайы, мұхитаралды, «Бәйтерек» монументін гидпен араласа, Экзотариум, Джунгли парктерін, ұлттық музейді тамашалап, мәре-сәре болды.
Сонымен қатар сулы-жасыл желек алаңында, Есіл өзенінің үстінде теплоходпен саяхаттап, «Summer Fest» көңіл күй сергітерлік бағдарламаға қатысты. Балалардың барлық саяхаттық іс-шаралары бейнероликке түсіріліп, ата-аналар оларды әлеуметтік желіге салып, бөлісуде.
Өткен жұма күні балалардың соңғы легі Астанадан үйлеріне аттанды. Олармен «Қазкөліккәсіп» ҚБ төрағасы Оразғали Ахметбаев кездесіп, естелік суретке түсті.
– Балалар, бүгін сендердің елордаға үш күндік саяхаттарың аяқталып, үйлеріңе оралғалы отырсыңдар. Атааналарың теміржол саласында жұмыс істейтін болған соң осындай мүмкіндікке ие болып отырсыңдар. Сондықтан үйге барған соң әке-шешелеріңе алғыс айтуды ұмытпаңдар.
Сабақтарыңды жақсы оқып, еліміздің мықты азаматы болыңдар! – деді кәсіподақ төрағасы.
Балалар саяхатын ұйымдастырушылардың бірі Дина Мерекеқызы, балалардың кешкілік демалысы да өте мазмұнды өтіп, бүлдіршіндердің қабілетін ашатын, өнерін ортаға салуға мұрсат беретін әртүрлі байқаулар ұйымдастырылғанын және оған балақайлар белсенді қатысқанын атап өтті. Павлодардан келген Кәрімнің әкесі теміржолшы екен, ол бұл саяхаттан ерекше әсер алғанын, әрбір күн есте қаларлықтай ерекше оқиғаларға толы болғанын жеткізді. Ал керекулік тағы бір бүлдіршін Мерей анасы теміржолда бухгалтер болып жұмыс істейтінін, келешекте өзінің де анасы құсап есепші болғысы келетінін жеткізді.
Балалар елордадан көтеріңкі көңіл-күймен қайтты.
Сұлугүл БАКЕСОВА
Суретті түсірген
Александр ЖАБЧУК