«Қасіретті қаңтар» деген атпен тарихқа енген кешегі күні елде орын алған төтенше жағдайдың дүрбелеңі әлі басыла қойған жоқ. Алғашында бейбіт шерумен басталған әрекеттер белгісіз күштердің ықпалымен бұзақылық пен бүлікшілікке, одан сорақысы қанды қырғынға ұласты. Біз сол күндері еш уайымсыз теміржол көлігімен сапарға шыққан жолаушылар жайына тоқталмақпыз.
Сыр өңіріндегі станцияларға әдетте жолаушылар пойызы он бес-жиырма минутқа аялдайтын. Алайда, 5 қаңтар күні жолаушылар пойызының Қазалы станциясында кідіруі ұзаққа созылды. Бұл сегіз жүзден астам жолаушысы бар «Ақтөбе-Алматы», «Маңғыстау-Алматы» бағытындағы №33-34, №77-78 жолаушылар пойызы еді және де осындай кідіріске ұшыраған пойыздар Сексеуіл, Қызылорда бекеттерінде де тұрды, олардың әрқайсысында 350-ден аса жолаушы бар-тұғын. Алғашында пойыздардың тоқтап тұрғанына мән бермеген жолаушылар, уақыт өте келе беймәлім кідіріс ұзаған сайын шыдамсыздық танытып, перронға шыға бастады. Көпшілік «неге тұрмыз?», «қашан жүреміз?» деп жолсеріктерді сұрақтың астына алды. Ал шыдамы сарқылған енді біреулері «вокзал бастығы қайда, бізді неге жібермей тұр», «әкімді шақырыңдар!» деген сарында шу шығара бастады. Балаларын көтерген аналар төбе көрсетіп, ас-ауқат, жаялықтың қажеттігін, енді бірі демікпесі ұстап, дәрігер шақыруды талап етіп жатты.
Аймақ басшылығына хабарласып, жағдайды түсінген станция басшылығы мен қазалылық теміржолшылар жедел іске кірісті. «Төртеу түгел болса, төбедегі келеді» демекші, әп-сәтте ортадан қаржы жиналып, шапшаң қимылға көшкен қазалылық теміржолшылар дәрігерді де жеткізді, жөргек пен жылы жамылғыларды да тауып, енді бір тобы ыстық тамақ әзірлеп, ас-су, шай жеткізіп, жолаушыларды тамақтандыруға кірісті.
«Қазкөліккәсіп» қоғамдық бірлестігі Қызылорда филиалының төрағасы Бауыржан Ахметов сол бір сын сағаттарды жол бойы қаңтарылып қалған жолаушы пойыздарының жағдайын аймақ басшылығы тұрақты бақылауда ұстап отырғанын айтады.
– Жолаушыларға қолдан келген көмектің бәрін ұйымдастырып, ас-суын, керек-жарағын қамтамасыз етуді жоғары деңгейде ұйымдастыра білген Қазалы станциясының бастығы Серік Боранқұлов пен орынбасары Руслан Мақашовқа, Қазалы вагон пайдалану депосының бастығы Арғын Орымбаевқа, байланыс дистанциясының бастығы Ғани Ысқақовқа, жол дистанциясының басшысы Аманкелді Құсановқа, электрмен жабдықтау дистанциясының басшысы Асқар Алмағанбетовке, Қазалыдағы салалық мекемелердің кәсіподақ ұйымы төрағалары мен кәсіподақ белсенділері Ерсайын Сұлтановқа, Жеткербай Елжасқа, Бақытжан Ибрайым мен Дастан Әбішевке ерен еңбектері үшін алғыс айтамыз. Сонымен қатар Қызылорда станциясында аялдаған пойыздағы 350 жолаушының жағдайын жасап, олардың станциядан аман-есен аттанып кеткенінше жандарында жүрген қосалқы бөлім басшысының орынбасары Амантай Рыстығұлов, кәсіподақ ұйымы төрағасы Мұхтар Көпірбаев, бекет басшысы мен вокзал шаруашылығы қызметкерлерінің еңбегін айрықша атап өткен жөн. Ел екенімізді, жұрт екенімізді танытып, сын сағатта сыр бермеді, барлық сыр елінің теміржолшыларына рахмет, – дейді Бауыржан Ахметов.
* * *
Дәл осы күндері аймақтың батыстан кірер қақпасы Сексеуіл станциясында да екі бірдей жолаушы пойызы тоқтап қалған болатын. №78 «Алматы-Маңғыстау» пойызы мен №112 «Тальго» пойызында 500-ден астам жолаушының бір-бір жарым тәулік қаңтарылған пойыз вагондарындағы жай-күйі айтпаса да түсінікті болар. Қаңтардың 5-6 күндері Сексеуіл станциясындағы теміржолшылар жұдырықтай жұмылып, жолаушыларға тамақ, су мен басқа да қажетті заттарды жеткізіп, көмек қолдарын созды.
Сексеуіл локомотив пайдалану депосы бастығының орынбасары Еркебұлан Аяғановтың айтуынша, станциядағы барлық құрылымдық бөлімшелер, теміржолшылар арасынан шыққан еріктілер, әкімдік, жергілікті тұрғындар бірігіп, 10 қой сойып, вокзал алаңына қазан-ошақ құрып тастап, самауырмен шай қайнатып, жолаушыларға 3 мезгіл ыстық тамақ ұйымдастырған.
– №78 Алматы-Маңғыстау пойызы Сексеуіл станциясына 5 қаңтарда таңғы сағат 6.13-те келіп, 34 сағат 19 минуттан кейін, 6 қаңтарда сағат 16.52-де жолға шықты. Ішінде 489 жолаушы болды, соның 20-сы балалар. Ал №112 Тальго пойызы 5 қаңтар сағат 14.01-де келіп, келесі күні сағат 16.39-ға дейін 28 сағат біздің станцияда тұрып қалды. Олардың бәрін қажеттіліктермен қамтамасыз етуді біз өз міндетімізге алдық. Ел басына күн туған қиын-қыстау заманда бұл біздің қолымыздан келген титтей көмек еді, – дейді Е.Аяғанов.
Сексеуіл станциясына жақын тұратын жолаушыларға еріктілер такси жалдап, аман-есен жолға салып жіберген. Иә, ел басына күн туып, қауіпсіздікке қатер төнген сын сағатта қарапайым халық ерліктің ерен үлгісін көрсетіп, ауызбірлік танытты. Оларды қатарында осындай теміржолшылар да болды.
Сабырхан СЕЙІЛБЕКҰЛЫ, Қызылорда
Ұлан Ораз, Сексеуіл
Суреттерді түсірген авторлар