«Қазкөліккәсіп» ҚБ теміржолшылардың балаларына арнап өткізіп келе жатқан елордаға үш күндік саяхат жобасының екінші кезеңі өтті. Өткен айдағы бірінші кезеңінде өзге өңірлерден 60 баланың астанаға сапарын ұйымдастырған кәсіподақ бұл жолы да Атырау, Қарағанды, Ақтөбе, Қостанай, Жамбыл және Түркістан облыстарынан келген тағы 60 баланы елордада тегін қыдыртты.
-Дәстүрлі іс-шараны кәсіподақ 2018 жылдан бері өткізіп келеді. Тек пандемия кезінде ғана тоқтап қалғаны болмаса, басқа уақытта бұл саяхат жалғасын тауып, осы күнге дейін өңірлерден барлығы 800 бала Қазақстанның астанасында демалып қайтты. Бұл балалардың бәрі – теміржолшылардың, соның ішінде көп балалы және аз қамтылған отбасылардың 10-13 жас аралығындағы балалары. Олардың әке-шешелері теміржолдың бойында күн-түн демей еңбек етіп жүр. Балалардың өз өңірінен Астанаға келуі мен қайту жолы, елордада қонақүйде жатуы, үш мезгіл тамақтануы, қаланың көрнекі орындары мен ойын-сауық орталықтарын аралауына кететін шығынның бәрін кәсіподақ өзі көтереді. Балалар туған жеріне үлкен әсермен оралады, сол көңіл-күйін жеткізеді. Оған ата-аналары риза болады. Биыл жазда 120 бала келді, – дейді «Қазкөліккәсіп» ҚБ төрағасының орынбасары Жұпарбек Сәбитов.
Үш күндік саяхаттың бағдарламасы өте қызықты әрі танымдық жағы басым болды. Бірінші күні балалар мейрамханаларда тамақтанып алған соң елордадағы «Атамекен» этно-мемориалды кешеніне барды. Оны аралап болған соң Есіл өзенінде кемемен серуендеді.
-Біз Түркістан облысынан келдік. Осы өңір теміржолына қарайтын Түлкібас, Шу, Сарышаған, Хантау, Бел станцияларындағы түрлі құрылымдық теміржол мекемелерде жұмыс істейтін теміржолшылар балаларын әкелдік. Балалар өте риза, ауылда қалған ата-аналары да алғыс айтуда. Тіпті бір 6 баласы бар отбасының анасы баласын мұндай алыс сапарға саяхатқа жіберуге өздерінің шамасы келмейтінін, осы ретте барлық шығынды төлеп берген кәсіподақ басшылығына үлкен рахметін айтты, – дейді балалардың осы сапардағы жетекшісі, ШУ-ПЧМ аға диспетчері Тоғжан Молдабаева.
Саяхаттың екінші күнінде Океанаруимға, Джунгли бағына, Экзотариумға барып, түрлы қызықтарға қарық болды. Сол күні түстен кейін бассейнге түсіп, пицца жасау бойынша шеберлік сабағына қатысты.
-Астанаға алғаш келіп тұрмын. Әкем теміржолда машинист болып істейді. Басқа өңірлерден келген балалармен достастық. Астана маған өте ұнады. Биік зәулім ғимараттары көп екен. Осы саяхатты ұйымдастырған әкемнің жұмысындағы ағайларға алғысымды айтамын, – дейді саяхатқа Шу станциясынан келген Әлинұр Есдәулетов.
Үшінші күні елордадағы кинотеатрлардан заманауи кино көріп, түс ауа Ұлттық музейді аралады. Мұнымен қоса оларға аниматорлар шоуы, түрлі байқаулар, ойындар, би, флешмоб, челлендждер, крио-шоу ұйымдастырылып, балмұздақ таратылды. Төртінші күні олар өз ауылдарына қарай ұшақпен ұшып кетті.
Райхан Рахметова
Суретті түсірген автор