Ұлттық компанияның теміржолшыларды әлеуметтік қолдау саясатының бір парасы – еңбеккерлердің ерте зейнетке шығу бағдарламасы. Осы бағдарламаға орай Қызылорда локомотив пайдалану депосына қарасты Қазалы айналым депосының машинисі Берік Құдайбергенов 55 жасында зейнет демалысына шықты.
Ерте зейнетке шығу бағдарламасы қиын да күрделі еңбек жағдайында жұмыс жасайтын, денсаулығына байланысты зейнет жасына таяп қалған жұмысшылар арасында ерекше сұранысқа ие. Алайда «ерте зейнетке шығу жасына жетсем болды, жұмысты қоямын» дейтіндер 55 жасқа жеткенде кежегесі кері тарта бастайды екен. Олармен кадр бөлімінің мамандары мен кәсіподақ ұйымындағылар түсіндіру жұмысын жасап әуре болып жүргені. Қазалылық машинист Берік Құдайбергенов те басы жерге жетіп отырған жоқ, зейнеткер дейтін жөні жоқ, қамал алатын қырық жастай қылшылдап тұр. Бірақ теміржолдағы жеңілдікті пайдаланып, ерте зейнетке шығу құқынан бас тартпай, жолдас-жораларының құрмет-қошеметіне бөленіп, зейнетке кетті.
1969 жылы Қызылорданың Әйтеке би кентінде дүниеге келген Бекеңнің әкесі Совет Құдайбергенов 1970-1996 жылдар аралығында жолаушылар тасымалдайтын 2-класты машинист болып еңбек еткен. Әке жолын қуған Берік те тепловоз көмекшісінің курсын бітіріп, 1990 жылдары Қазалы депосында машинист көмекшісі болып еңбек жолын бастапты. 1995 жылы Ақтөбе қаласындағы машинист курсын тәмамдап, 1996-1998 жылдар аралығында Қызылорда қаласындағы теміржол техникумын бітіріп, 2017 жылдан бастап тепловоз машинисі болды. Жолаушыларды тасымалдау пойызының 2-класты машинисі ретінде еңбекқорлығымен, тиянақтылығымен көзге түсті. Өз ісінің нағыз маманына айнала білді.
Сабырхан Сейілбекұлы