Жем локомотив пайдалану депосының ұжымы көлік қызметкерлері күні ең алдымен ардагерлерге құрмет көрсетті. Саналы ғұмырын осы саланың ыстық-суығына арнаған аға буын өкілдері үшін теміржолшылардың кәсіби мерекесінің орны бөлек.
– Теміржол саласының ардагерлеріне құрмет көрсету – біздің парызымыз. Бүгін біз ие болып отырған игіліктің бәрі сол аға буынның маңдай тер, табан ақысымен жасалған. Тамыздың алғашқы жексенбісі олар үшін сонау кеңестік кезден бері айрықша ыстық екені белгілі. Жыл сайын елеңдеп, елеп-ескеруді, құттықтауымызды күтеді. Сондықтан бұл күні ардагерлеріміздің шаңырағына бас сұғып арнайы құттықтап, сый-сияпатымызды жасадық, – дейді депо бастығы Дәулетқали Жалмұғамбетов.
Сонымен қатар, жексенбі күні Қазақстан темір жолының 25 жылдығы мен Кәсіподақтың 30 жылдығына орай шағын футболдан жарыс өтті. Оған бес команда қатысты. Теміржолшылармен қатар өрт сөндірушілер, ардагерлер, әскерилер қатысқан жарыста үздік шыққан үштік қана емес, кәсіподақ ұйымының төрағасы Нұрлан Өтесеитовтің ұсынысымен ешкім де ескерусіз қалмады, барлық командалар сый-сияпатқа кенелді.
Ардақ ЕРУБАЕВА