Вы сейчас просматриваете ЕСКЕ АЛУ ТУРНИРІ ӨТТІ!

ЕСКЕ АЛУ ТУРНИРІ ӨТТІ!

Жуырда Атырау теміржолшылары өткен жылы дүниеден өткен әріптестері, саланың қозғалыс қызметінде жарты
ғасырға жуық еңбек еткен Аманқос Есекеновті еске алып, шағын футболдан турнир өткізді.

Аманқос Есекенов еңбек жолын 1972 жылы Гурьев-2 станциясында пойыз құрастырушының көмекшісі болып бастаған екен. Атырау станциясының ол кезде қыз-қыз қайнап, күні-түні вагондардың жөңкіліп жатқан кезі. Маневрлік жұмыстардың қиындығын сол салада жұмыс істегендер жақсы біледі. Осы жұмысты әбден меңгерген соң Аманқос Қадырұлы
маневр диспетчері болып ауысады. Техникумда алған білімі оған істің тетігін таба білуге және мамандығына жауапкершілікпен қарауға көмектесті. Содан кейінгі жылдары қызметте сатылай өсіп, станция бастығының орынбасары, станция бастығы болды. Еңбектен қол үзбей Алматы темір жол көлігі инженерлері институтында сырттай оқып, жоғары білім алды. 1992 жылы Атырау темір жол бөлімшесі бастығының 1-ші орынбасары болып тағайындалды. Атырау мұнай өңдеу зауытында «АНПЗ-транс» мекемесінің бас директоры болып та қызмет жасады. Зейнеткерлікке шыққан соң
«Болат жол» компаниясының кәсіподақ ұйымын басқарады.
«Ол мектеп кезінен спортқа жақын боп өсті, бөлімшедегі спорттық жарыстар онсыз өтпейтін. Әсіресе, футболды ерекше сүйді. Облыстық және салалық командаларда ойнады. Әріптестері оны тек теміржолшы ғана емес, мықты футболшы-спортшы ретінде де жақсы біледі» дейді спорт секторының жетекшісі Ринат Иманғазиев. Шараға Аманқос ағаның ұрпақтары қатысты. Әріптестері мен шәкірттері марқұмды еске алып, жақсы сөздері мен жылы естеліктерімен бөлісті.

Источник

Қосұйым МҰҚАШЕВ, Атырау
Суретті түсірген автор