Өлшеулі ғұмырының көп жылын түбек теміржолының түрлі саласына арнаған теміржолшы Құттыбек Шархатбаевқа
әріптестері ескерткіш тақта орнатты.
Белгі тақтасы ол кісінің өзі қалыптасуына атсалысып, қазіргідей белді мекемеге айналуына маңдай терін төккен «Ғасыр-Маңғыстау» ЖШС ғимаратының сыртқы қабырғасына орнатылды. Онда Құттыбек ағаның суреті мен өмір сүрген жылдары, еңбегі жазылған. Ескерткіштің ашылу рәсіміне облыс әкімінің орынбасары Нұрдаулет Қилыбай, «Ғасыр Маңғыстау» ЖШС, «КаскорТрансСервис» мекемесінің, темір жолдың басшылары мен онымен әріптес болған азаматтар, ардагерлер және отбасы, бауырлары қатысты. Тақтаның ашылу рәсімінен соң ас беріліп, марқұмның рухына дұға бағышталды.
Әкесіне құрмет көрсеткен жұртшылыққа қызы Ақмоншақ Құттыбекқызы отбасы атынан алғыс айтты. «Ғасыр Маңғыстау» ЖШС бастығы өз сөзінде Құттыбек Сүйінғараұлының жұмыста адал жан болғанын және осы серіктестіктің қалыптасуына көп еңбек сіңіргенін тілге тиек етті. Құрметті теміржолшы Табылды Әміров, марқұм теміржолшының көпке үлгі болар қырлары туралы сыр шертті.
– Жұмысына жауапты, білікті маман, әділ басшы еді. Өзінің қызметкерлерін қажет кезінде қорғап алып шығатын. Өзіне сенімді болғасын ешкімнен тартынып, тайсалмайтын. Ойын батыл айтатын. Ешқашан марапат үшін жүгірген емес. Көзі
тірісінде есімі ескерілмеді. Мен Шетпеде станцияның, ол ТҚКП бастығы болды. Маңғыстау станциясына да бірге келгенбіз. Мұнда ол жолаушылар тасымалы мекемесінің басшысы жұмысын жалғастырды. 61 жыл өмірінің 44 жылын алып салаға арнаған әріптесім әрі шәкіртім Құттыбектің арамыздан кеткеніне екі жылға жуықтапты. Бес баласының ішінде әке жолын жалғастырып жатқан балалары да, темір жолда несібесін теріп жүрген бауырлары да бар. Сондықтан Құттыбектің есімі ел есінде сақталары сөзсіз, – деді ол.
Шахида ЖҰМАН,Маңғыстау
Суретті түсірген автор