Қызылорда белгі беру және байланыс дистанциясының ұжымы жыл басынан бері өндірістік жұмыс барысында апатты жағдайға, пойыздар қозғалысы қауіпсіздігінің бұзылуына жол бермей, бүгінде жазғы күтім жұмыстарымен айналысуда.
Дистанцияның техникалық бөлім бастығы Нұрлан Жүсіпбаевтың мәліметінше, пойыздардың қозғалыс қауіпсіздігі толық сақталып, оқыс оқиғалардың орын алуына жол берілмегенмен, аймақтағы ЭЧ-25, ПЧ57 секілді салалас мекемелерге қатысты СОБ құрылғыларының өткен жылы 16 мәрте істен шығу жағдайы, биылғы жартыжылдықта жол төсемі рельсінің дұрыс болмауы мен электр қуатының іркілісі себебінен 5 рет тіркелген.
Дистанциялықтар технологиялардың көмегімен жылжымалы құрамдардың қауіпсіз қозғалысын реттейтіндіктен құрылғыларда ірілі-ұсақты кемшіліктер көрініс беріп жатады. Мәселен, Майлытоғай бекетіне кіріп келе жатқан пойыздың жолындағы Н1 сигналының 0,06 секундқа жабылып бұғатталуы, Ақмая бекетіне кіреберістегі тақ-Н сигналының 0,09 секундқа іркілісі, Шиелі станциясы арқылы КРЕК мекемесінен таратылатын желідегі электр қуатының іркілісі дистанция есебіне тіркелген.
– Құрылғыларға күнделікті күтім жасалуда. Мамыр айында Шиелі станциясында ПМ-12-УЗ фидерінің магнитті қосқышы жаңартылса,Тереңөзек, Екпінді, Бөрітескен, Жайылма, Бөріойнақ, Жаңақорған станцияларында КДРШ релесі НМШ типімен ауыстырылды, Қараиірім, Тереңөзек, Керкелмес және Жалағаш бекеттерінде кіріс-шығыс бағдаршамдарының монтажы, сонымен қатар бірнеше өндірістік күтім жұмыстары жасалды, – деді техникалық бөлім басшысы Нұрлан Жүсіпбаев.
Дистанция есебіндегі технологиялық талап тұрғысынан ескірген байланыс құрылғыларының сенімсіздігі қозғалыс қауіпсіздігінің бұзылуына бірден-бір себеп болуы мүмкін деген де күдік бар екен. Құрылғылар ішінара жаңартылып жатқанымен ескілері де жетерлік көрінеді. Дистанция жұмысшылары жиі сыр беретін ескі құрылғыларды жамап- жасқап пайдаланып отыр. Дегенмен, олар әлдеқашан есептен шығарылуы керек. 30-43 жыл бұрын пайдалануға берілген құрылғылар, ЭЦ станциялары, 40 шақырым шамасында АБ желілері және 625 шақырымдық кабельді желілердің де қызмет көрсетіп келе жатқанына 35 жыл болып, тозығы жеткен.
Сабырхан СЕЙІЛБЕКҰЛЫ,
Қызылорда
Суретті түсірген автор