«ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС – Жамбыл ЖТ бөлімшесінің Түрксіб (б.Луговая) станциясында Қазақстан темір жолының 120 жылдығына орай шағын футболдан тораптық жарыс ұйымдастырылды.
Жергілікті кәсіподақ ұйымының күнтізбелік жоспарына сай өткен турнирде 4 команда өзара бақ сынасты. «Түрксіб», «РСП-2», «ШЧ-36», «ВЖДО» командалары өз қарсыластарын жеребе бойынша анықтады. Айналмалы жүйеге сәйкес өткен матчтар тартысқа толы болды, бір-біріне есе жібергісі келмей, жасыл алаңда теңбіл доп қуалаған кілең мықты ойыншыларды әуесқойлар деп ойлаудың өзі қиын.
– Теміржолшылар арасында әуесқой футболшылар өте көп, әсіресе футзал жақсы дамыған. Жастардан бөлек, орта буын өкілдерінің де спортқа деген қызығушылықтары жоғары. Олар өзара жолдастық кездесулер жиі өткізіп тұрады. Сондықтан мұндай жарыстардың деңгейі жоғары, – дейді кәсіподақ ұйымының спорт нұсқаушысы Евгений Тян.
Жарыс қорытындысында «РСП2» командасы жеңіске жетіп, 1- орынды иемденді. Финалдық кездесуге дейін тартысты ойын өрнегін көрсеткен «ВЖДО» 2-орынға шықты. Ал алаң иелері «Түрксіб» үштікті түйіндеді.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер дипломдармен марапатталып, кәсіподақ ұйымы тарапынан арнайы сыйлықтарға ие болды.