Шырайлы Шымкентті бірнеше күн бойы дүбірге бөлеген теміржолшылар спорттың екі түрінен бақ сынасты. Қазақстан темір жолының 120 жылдығына орай футзалдан ерлер арасында өткен ҚТЖ чемпионатына республиканың барлық өңірлерінен 17 команда құрамында 200-ге жуық теміржолшы қатысты.
Ұлттық компанияның Әлеуметтік саясат департаменті жетекшілерінің бастамасымен республикалық деңгейде мұндай жарыстар өткізу біріздендірілгені белгілі. Ұлттық компания басшылығының ұжымдық мәдениетті көтеруге бағытталған аталмыш шарада «Қазкөліккәсіп» ҚБ Шымкент филиалының жетекшісі Нағима Салықбаева құттықтау сөз сөйлеп, жан-жақтан жиналған командаларға сәттілік тіледі. Спорттық шара қаладағы «Биік» спорт кешенінде өтіп, 4 күнге жалғасты.
Дүбірлі додада өздерінің шебер ойынымен тәнті етіп, көрермендер делебесін қоздырған ақтөбелік команда болды. Топ басшысы Николай Третьяков Көкшетау белгі беру және байланыс дистанциясының (ШЧ-12) электромеханигі екен. Ол команда мүшелерінің шырайлы Шымкентке қуана-қуана келгенін айтады.
– Біз, теміржолшылар қызметтік міндетімізді атқарумен қатар спортты серік еткеніміздің арқасында республика өңірлеріндегі өзге де әріптестерімізбен Шымкентте бас қосып, достық қарым-қатынасымызды нығайтып жатырмыз. Осындай әріптестер арасында риясыз сыйластыққа негізделген тамаша аура қалыптасуына мүмкіндік беріп жатқан ұйымдастырушыларға алғысымызды білдіреміз, – дейді ол.
Жалпы, 4 топқа бөлініп, 4 күнге жалғасқан ойын өте тартысты өтті. Қорытынды финалда Атырау командасы үздік өнер көрсетіп, бас жүлдені жеңіп алды. Екінші мен үшінші орынды Маңғыстау мен Павлодар командасы иеленсе, жергілікті Шымкент командасы 4 орынды місе тұтты. Сондай-ақ теміржолшы-спортшылар арасында тұтас ойын аясында жақсы өнер көрсеткендері үшін атыраулық Еркебұлан Бейбітұлы – «Үздік шабуылдаушы», шымкенттік Азамат Ақылбеков – «Үздік қақпашы», ақтөбелік Рүстем Асылхан – «Ең қабілетті ойыншы», тараздық Азамат Орынбай – «Ең белсенді ойыншы» және қарағандылық Әмір Тілеубеков – «Болашағы жарқын ойыншы» аталымдары бойынша арнайы сыйлықтармен марапатталды.
Ресейдің Илецк қаласында орналасқан ҚТЖ мекемесінде спорт нұсқаушысы болып еңбек ететін Мәдихан Жанатұлы өздерінің Қазақстанның оңтүстігіндегі әдемі шаһарға алғаш рет табаны тиіп тұрғандарын айтады.
– Осындай шараны ұйымдастырушыларға зор алғыс айтамын. Біздің команда мүшелерінің бәрі Ресей азаматы болғанымен, Қазақстан темір жолында жұмыс істейміз, – дейді ол.