Гендерлік теңдік – қоғам құндылығы

ҚТЖ-да «Гендерлік теңдік призмасы арқылы адам құқықтары» инфосессиясы өтті. Компанияда бүгінде 110 мыңнан астам адам жұмыс істесе, олардың
23 пайызын әйелдер құрайды.
Соның ішінде әкімшілік басқарушылық персонал қызметінде 58 пайызы, өндірісте 21 пайызы жұмыс істейді.
Жиынға «Қазкөліккәсіп» ҚБ төрағасы Оразғали Ахметбаев, «ҚТЖ» ҰК» АҚ Адами ресурстарды басқару департаментінің директоры Сәуле Истлеева, «ҚТЖ» ҰК» АҚ Құқықтық қамтамасыз ету департаменті директорының орынбасары Ілияс Ерназаров, «Қазақстандағ парламентаризмді дамыту қоры» қоғамдық қорының президенті Зәуреш Батталова қатысты.
Іс-шара ҚТЖ-да нетворкинг, тәжірибе алмасу және гендерлік теңгерімді ілгерілету алаңына айналды.
Зәуреш Батталова өз сөзінде гендерлік теңдік – қазіргі қоғамның негізін құрайтын құндылық екенін атап өтті.
Сонымен қатар ол ұлттық компанияның жалпы барлық қызметкерлер үшін қолайлы жағдай жасалған, жалақысы тұрақты жұмыс беруші екенін атап өтті.
– ҚТЖ-да жұмыс істеудің артықшылықтары көп. Себебі басқа көптеген жұмыс орындарымен салыстырғанда мұнда лайықты жалақы ұсынылады. Сондықтан сіздерді осы ретте жолы болған жандар деп санаймын. Соған қарамастан адам болғасын әлеуметтік проблемалар болмай тұрмайды. Ол енді отбасының көп балалы, жанұяда мүмкіндігі шектеулі адамның, егде жастағы мүшелерінің болуы, отбасында тек бір адамның ғана жұмыс істеуі сияқты басқа да қиындықтарға байланысты туындауы мүмкін, – деді ол.
С.Истлеева әйел теміржолшылардың 80 пайызын қарапайым қызметкерлер құрайтынын, соның 24 пайызы басшылық қызметте, 12 пайызы топ-менеджментте, 38 пайызы мамандар, 10 пайызы жұмысшылар екенін жеткізді.
– Гендерлік теңдік нормаға, ал әйелдер – оның барлық салаларында өмірдің қиындықтарын жеңе алатын нағыз көшбасшылар мен менеджерлерге айналып отыр. Теміржолшы әйелдер команданың бір бөлігі болып қана қоймай, өндірістен бастап стратегиялық деңгейге дейін басқарудың барлық деңгейлерінде өздерінің кәсібилігін, көшбасшылық қасиеттерін көрсетуде, – дей келе компанияның гендерлік теңдікті дамыту жөніндегі іс-шаралар жоспарымен таныстырды.
Компания гендерлік теңдік бойынша жұмыс жүргізеді және әділ әрі тең құқықты қоғам құруға өз үлесін қосады, жынысына қарамастан қызметкерлер үшін тең мүмкіндіктерді қолдап келеді. Сонымен қатар теміржолшылардың әлеуметтік пакеті ана мен баланың денсаулығын қолдауға бағытталған жеңілдіктерді, яғни бала тууға, асырап алуға байланысты ақылы әлеуметтік демалыстар, бала
асырап алуға байланысты материалдық көмек, жұмыс істейтін әйелдерге баланы тамақтандыруға қосымша үзілістер беру және т.б. қамтиды.
О.Ахметбаев кәсіподақтың 311 бастапқы ұйымының ішінде 51 пайызын әйел адамдар басқаратынын айта келе осылайша компанияда әйелдер қызметкерлердің белсенді бөлігін құрайтынын жеткізді. Ал І.Ерназаров «ҚР мемлекеттік қызмет туралы» заңы, ҚР Қылмыстық-процессуалдық кодексі, ҚР Әлеуметтік кодексінде азаматтардың жынысына қарамастан барлық азаматтар қандай тең мүмкіндіктерге ие болатыны туралы ақпарат берді.
Суретті түсірген Сара САХЫНБЕК