Вы сейчас просматриваете Интеллектуалдық сайыс өтті

Интеллектуалдық сайыс өтті

Қызылордалық теміржолшылар арасында спорттық шаралар кестесіне сәйкес шахмат турнирі өткізілді. «Қазкөліккәсіп» ҚБ Қызылорда филиалы кәсіподағы ұйымдастырған интеллектуалдық ойында Қызылорда локомотив пайдалану депосының машинисі Алмат Аманқұлов жеңіске жетті.

Турнирдің мақсаты тек жеңімпазды анықтау ғана емес, теміржолшылар арасында зияткерлік орта қалыптастыру, бірлікті нығайту және салауатты өмір салтын насихаттау болды. Шахмат тек ойлау қабілетін дамытумен шектелмей, қатысушылардың стратегиялық ойлауын, тактикалық шеберлігін шыңдайды. Сондықтан әр ойыншы өз фигуралары арқылы қарсыласының әлсіз тұстарын пайдаланып, жеңіске жетуге талпынды.

Әріптестерінің ойынына төрелік жасаған спорт секторы Бақытжан Имбергенов турнир жеңімпазы Алмат Аманқұловтың ұзақ уақыт бойы шахматпен айналысып жүрген тәжірибесі арқасында ең жоғары ұпай жинағанын жеткізді.

Ойлау қабілеті мен тактикалық шеберлігін паш еткен Қызылорда жол дистанциясының инженері Берік Өмірзақовқа 2-орын бұйырды. Ал Белкөл станциясының теміржолшысы Қанжар Ділмағанбетов 3-орынды еншіледі.

Жүлдегерлер «Қазкөліккәсіп» ҚБ Қызылорда филиалы тарапынан марапатталды.

Сабырхан СЕЙІЛБЕКҰЛЫ,

Қызылорда

Суретті түсірген автор