Семей жүк тасымалы бөлімшесі бойынша теміржолшыларды әлеуметтік тұрғыдан қолдаудың бірқатар түрлері қолға алынған. Соның ішінде сала қызметкерлерінің өмір сапасын арттырып, психологиялық жәрдем көрсету алғашқы орында тұр.
Осыдан бірер жыл бұрын теміржолшылар үшін ерекше нысан – психологиялық жеңілдену бөлмесі ашылған болатын. Жуырда ол жергілікті салалық кәсіподақ ұйымының қолдау көрсетуімен күрделі жөндеуден өтіп, қайта жаңарды. Қосымша құрал-жабдықтар алынып, әрленіп, сырланды. Сонымен қатар, салауатты өмір салтын ұстану мен бұқаралық спортта белсенділік танытып жүрген үздіктердің фотосуреттерінен арнайы стенд жасалды.
– Қызметі аса жауапты мамандық иелері үшін күйзелістен арылып, жүйкеге түсер психологиялық салмақтан жеңілдену үшін мекеме жанынан арнайы бөлме ашу дамыған елдердің тәжірибесінде бар. Ол қызметкерлердің еңбек өнімділігін арттырып қана қоймай, жеке өмірлеріне, денсаулықтарына да оң әсерін тигізеді. Ол – ғылыми тұрғыдан дәлелденген жайт, – дейді бөлімшенің аға спорт нұсқаушылары Наталья Мешкова.
Осылайша, ашылғанына төрт жылға жуықтаған психологиялық жеңілдену бөлмесі қайта жаңғыртылды. Бұған дейін мұнда барша теміржолшылар бос уақыттарында жиналып, гимнастикалық жаттығулармен шұғылданатын еді. Сонымен қатар, барлық жастағылар үстел теннисін, бадминтон, дартс және тақталы ойындардың барлық түрлерін ойнай алатын болса, ендігі аралықта қыз-келіншектер йогамен шұғылданып, тіпті фитнеспен де айналыса алады. Сондай-ақ, жай ғана шәй ішіп, өзара әңгімелесіп, аға буын ардагерлердің ақылын тыңдап қайтуға да болады.
Жеңіл атлетикамен айналысу мүйісі де қайта жабдықталыпты. Онда қан айналымы мен жүйке жүйесі қызметін жақсарту үшін гимнастикалық жаттығулар жасаудың мүмкіндігі артқан. Келушілерге бөлімшенің аға спорт нұсқаушылары Наталья Мешкова мен Жанат Мойынбаев кеңес береді. Яғни, психологиялық жүктемеден, стресстен арылтып, өмірге, кәсіби қызметке деген құштарлықты арттыратын, депрессиядан арылтатын ерекше әдіс-тәсілдер, спорттық жаттығулар ұсынылады.
Қуаныш ҚОЖАЕВ,
Семей