Жуырда Семей қаласында теміржол мекемелері арасында дәстүрлі түрде өткізілетін «КАЗПРОФТРАНС-2024» теміржол футбол лигасының Кубогы» атты аймақаралық біріншілігі болып өтті.
Бұл жолғы турнирде қалыптасқан үрдіске сай көршілес бөлімшелер Алматы, Павлодар, Өскемен қаласынан арнайы келген футбол командаларының қатысуымен өтті. Жеңімпаз команда республикалық сайысқа баратындықтан бұл жарысқа жоғары даярлықтан өткен, іріктелген ойыншылар ғана жиналады.
Турнир беташарында сөз алған «ҚАЗКӨЛІККӘСІП» ҚБ Семей аймағы бойынша өкілі Есен Қажығұлов бұқаралық спорттың маңыздылығын атап өтіп, барша қатысушыларға жеңіс тіледі. Айта кетер жайт, жыл сайын күзгі мезгілде ұйымдастырылатын осынау байрақты бәсеке салалық кәсіподақ ұйымының ұйытқы болуымен өткізіліп келеді.
Төрт команда бақ сынасқан ойын барысы мейлінше тартысты өрбіді. Әсіресе, павлодарлық команданың қарымы мықты екен. Жасыл алаң төрінде барын салды. Бұл жолғы аймақаралық турнирге Семей жерінен бөлімше бойынша чемпион атанған ӘТЖК Семей филиалы қатысқан болатын. Осыған дейін негізінен ауыр атлетика түрлерінен топ жарып жүрген жігіттердің жеңісі көпшілікті таңырқатқан еді. Десекте, бәсеке барысында күзет қырандарының жолы болып бірінші орынды жеңіп алып айды аспанға шығарды. Ал, екінші орынды Павлодар қаласынан келген Қазақстан вагон шығару компаниясының командасы иеленді. Жүлделі үшінші орынды Өскемен-1 станциясының футболшылары иеленді.
Сайысқа қатысқан барлық ойыншылар арнайы диплом және сыйылықтармен марапатталды. Айта кетер жайт, аймақаралық турнир жеңімпазы атанған ӘТЖК Семей филиалының командасы енді Орал қаласында өтетін сайыста өнер көрсететін болады.
Қуаныш Қожаев