«Қамданған қапы қалмайды» демекші, жыл сайын күрең күз келісімен саланың барлық құрылымдық бөлімшелерінде күзгі байқау өтеді. Оның барысында қысқы кезеңге дайындық жұмыстарына бірнеше деңгейде бақылау жасалып, соңында қорытындысы шығарылады.
Жамбыл магистральдық желі бөлімшесінің құрылымдық бөлімшелерінде қысқы кезеңде теміржол көлігі жұмысының тұрақтылығын, еңбекті қорғау, ғимараттар, техникалық құралдар мен жылжымалы құрамның жай-күйін қамтамасыз ету бойынша 9 қыркүйек пен 2 қазан аралығында жүргізілген күзгі комиссиялық байқаудың қорытындысы шықты. Жоспарлы жұмыстар орындалған, жақсы көрсеткіштер де бар, кемшіліктер де жоқ емес. Қазір тиісті мекемелер ескертулер бойынша олқылықтарды жоюда.
Жалпы күзгі байқау бақылауды босаңсытпау керек екенін көрсетті. Техникалық құралдардың жай-күйіне қатысты ескертулер жасалып, жолдар мен құрылыстардың шаруашылығына қатысты 147 тыйым салу және шектеу шаралары қабылданды. Шу, Түлкібас, Жамбыл жол дистанциялары басшылары тарапынан жолдың ағымдағы жағдайы мен бағыттамалық бұрмалардың жай-күйіне бақылауды күшейтпегені белгілі болды.
– 2022 жылдың 28 ақпанында шыққан №80 «Пойыздар қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз етуді ұйымдастыруға жеке қатысу нормативтерін бекіту туралы» бұйрық бар. Күзгі байқау кезінде кейбір құрылымдық бөлімшелерде осы бұйрықтың талаптары бұзылғаны анықталды. Жол дистанциялары басшылары ПУ-28, ПУ-29 нысанындағы кітаптың жүргізілуін тексермеген. Электрмен жабдықтау шаруашылығы бойынша Жамбыл, Шу, Сарышаған электрмен жабдықтау дистанцияларының қызмет көрсету учаскелеріне қатысты 181 ескерту берілді. Үш дистанциядағы жіберілген кемшіліктер ұқсас. Дистанция басшылары жоспарлы-алдын алу жұмыстарының сапалы және уақытылы жүргізілуін қатаң бақылауға алмаған. Цехтарда техникалық құжаттама толық көлемде жүргізілмеген. Айқасқан жапсырма астындағы сымдардан контактілерді жылжыту қиынға соғатын әуе атқыштарын пайдаланған. Машинистердің техникалық білімі көңілден шықпайды, – дейді Жамбыл магистральдық желі бөлімшесінің бастығы Мейрамбек Кенжебаев.
Сондай-ақ сигнализация және байланыс шаруашылығы бойынша Сарышаған, Шу және Жамбыл сигнал беру және байланыс дистанцияларында техникалық құралдарды күтіп-ұстауға қатысты 157 ескерту берілген. 4 тыйым салынған шараға байланысты тәртіптік шара қабылданды. Жалпы жол дистанцияларының басшылары қызметкерлердің практикалық білімін жетілдіру іс-шараларының ұйымдастырылуын, пойыздар қозғалысына байланысты қызметкерлердің тапсырманы қалай орындап отырғанын, қызметтік міндеттерін, жұмыс технологиясының орындалуының талаптарға сәйкестігін тиісті деңгейде тексермеген. ШЧ-34, ШЧ-35, ШЧ-36 дистанцияларындағы орта буынды басшылар СОБ құрылғыларына, байланыс пен радиобайланысқа қызмет көрсетудің технологиялық процесін кесте бойынша орындалуын ұйымдастырмаған.
Күзгі байқауды жүргізген комиссия құрамы әр кемшілікті назардан тыс қалдырмай, дер кезінде ескерту маңызды екенін атап өтті. Айтуларынша, көктемгі тексеру қорытындысы бойынша қатаң талаптар қойып, тиісті шаралар қолданылғаннан кейін бұл жолы теріс көрсеткіштер саны азайып отыр. Айталық, еңбекті қорғау талаптарын сақтау бойынша 208 ескерту анықталған. Оның басым көпшілігі – техникалық құжаттаманы жүргізу бойынша жүйелі ескертулер. Кейбір бөлімшелерде өндірістік қауіпсіздік журналы жүргізілмеген, техникалық сағат саны, сабақтар мен сабақтар өткізілетін күн көрсетілмеген. Бағдарлама бойынша бастапқы нұсқамалар жүргізілмеген.
Күзгі байқау кезінде өрт қауіпсіздігін сақтау, теміржол бойын қамыстардан тазарту, қоршау қою, өзіндік жылжымалы құрам қызметінің жұмысын ұйымдастыру жұмыстары да назардан тыс қалған жоқ. Анықталған кемшіліктер бойынша ескерту жасалып, тиісті жұмыстар жүргізілуде. Жалпы барлық құрылымдық бөлімшелердің қысқы кезеңге дайындығы қанағаттанарлық деп баға берілгенімен, ескерту жасалған, олқылықтар жойылуда.
Ардақ Үсейінова