ҚТЖ өкілдері Астана, Жезқазған, Шымкент, Алматы, Семей, Түркістан, Қонаев, Қостанай, Ақтау, Көкшетау, Тараз, Қарағанды, Ақтөбе, Соль-Илецк және Павлодарда 9-11 сынып түлектерімен кәсіби бағдар беру кездесулерін өткізді.
Олар мектеп оқушыларына теміржолда жұмыс істеудің артықшылықтары туралы айтып берді. 4 мыңнан астам оқушы теміржол саласының даму бағыттары мен перспективалары, қызметкерлерді дамытудың кешенді бағдарламасы, ҚТЖ әлеуметтік/ жастар саясаты туралы ақпарат алды. Ең сұранысқа ие мамандар қатарына жол монтері, байланыс электромеханигі, вагондарды тексеруші-жөндеуші, вагон жолсерігі, локомотив машинисінің көмекшісі, жүк пен багажды қабылдап-тапсырушы, жылжымалы құрамды жөндеу жөніндегі слесарь жатады.
Бұл кәсіптер пойыздар қауіпсіздігін қамтамасыз етуде шешуші рөл атқарады.
Кездесулерде оқушыларды ҚТЖ-да жұмыс табуға көмектесетін Job.railways.kz бос орындар сайтымен таныстырып, тіркеуден өту, түйіндеме жасау және бос орынға қалай жауап беру керектігі айтылды. Теміржолшылар болашақ мамандықты таңдауда және тағылымдамадан өтуде оқушыларға қолдау көрсетуге дайын екендіктерін білдірді. Кездесу соңында талапкерлерге ақпараттық буклеттер табысталды.