Вы сейчас просматриваете Кәсіподақ қызметінде – 19 жыл

Кәсіподақ қызметінде – 19 жыл

Қарапайым жұмысшының қажетін күні кеше сол жолдардан жүріп өткен маман ғана жақсы біледі. Тілегі мен сұранысын да түсінеді. Көп жағдайда еңбек ұжымдарындағы кәсіподақ ұйымдарына төраға сайларда таңдаудың осындай кадрларға түсіп жататыны да сондықтан болса керек.

Осыдан он тоғыз жыл бұрын, 2006 жылғы 18 мамырда «Қазақстан теміржолшыларының кәсіптік одағы» ҚБ Жамбыл филиалының төрағасын сайлайтын сәтте жамбылдық теміржолшылар әріптестері Жұман Сәменовтің еңбек жолын назарға алып, сенім білдірген болатын. Содан бері аттай 19 жыл өтіпті…

Кәсіподақ құрылымында жұмыс істеген кезеңде ол өз ісіне шығармашылықпен қарайтын, сауатты және өз ісін жетік білетін маман ретінде танылды. Оның адал еңбек дәстүрін қорғауға ұмтылған, теміржолшылардың тілегін аяқсыз қалдырмауға тырысқан іс-қимыл жоспарлары өтеусіз қалған жоқ. Бірнеше есептік-сайлау кезеңдерінде кәсіподақ мүшелері қайта таңдау жасап, дауыс беріп отыруының нәтижесінде филиалды жиырма жылға жуық басқарды.

1947 жылы 28 наурызда Жамбыл облысы бұрынғы Луговой станциясында дүниеге келіп, теміржол жағалап өскен Жұман Сәменовтің өмірі мен қызметі осы саламен тығыз байланысты болуы кездейсоқтық емес. 1965 жылы мектепті бітіргеннен кейін ол ойланып жатпастан, бірден Омбы көлік инженерлері институтына оқуға аттанды. 1971 жылы «Теміржол көлігіндегі автоматика, телемеханика және байланыс» мамандығын алып шыққан жас маман жолдамамен алғашында Батыс-Сібір теміржолына жіберіліп, жұмысқа орналасады. Бірнеше жылдан соң Жамбыл теміржол бөлімшесінде Сигнал беру және байланыс дистанциясына ауысады.

Елге келген соң, Жамбыл сигнал беру және байланыс дистанциясының электромеханигі, Жамбыл жол бөлімшесінің пойыз диспетчері болып жұмыс істеді. Қай ұжымда болмасын өз кәсіби біліктілігін, адалдығын және жауапкершілігін көрсете білген жас маманға басшылар жауапты қызметтерді сеніп тапсыра бастады.

Жұман Сәменов Жамбыл станциясы, жол қозғалысы бөлімінің, жол және құрылыс бойынша жол байланысы бөлімі бастықтарының орынбасары болып еңбек етті. Кейіннен жол бөлімінің бас экономисі, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ филиалы директорының орынбасары қызметтерін атқарды.

1991-1992 жылдары бөлімшеде жол және құрылыс бөлімі бастығының орынбасары ретінде Жамбыл учаскесін электрлендіруге белсенді қатысқан Жұман Сәменов теміржол саласына жаңа технологияларды енгізуге көп еңбек сіңірді.

Ал кәсіподақ қызметінде әріптестері Жұман Сәменовті қызметкерлердің әлеуметтік-экономикалық құқықтарын қорғау бойынша қойылған міндеттерді шебер және сапалы шешіп отырған төраға ретінде таниды. Оның еңбек дәстүрін сақтаудағы адал ұстанымдары мен жұмысқа деген ішкі жауапкершілігі, кәсіподақ қызметіндегі белсенділігі ұжымда кәсіподақ қозғалысының қалыптасуына жол ашты. Ол еңбек ұжымдары арасындағы бірлікті нығайтуға және бастауыш кәсіподақ ұйымдарының дамуына елеулі үлес қосты.

Жұман Сәменов жұмысындағы жоғары көрсеткіштері үшін көптеген марапаттарға ие болды. Олардың қатарында КСРО Қатынас жолдары министрінің естелік-сыйлық сағаттары бар.

Еліміз егемендік алған кезеңде алған Қазақстан теміржолының салалық сый-марапаттарының өзі бір төбе. «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ президентінің Құрмет грамотасы, «Адал еңбегі үшін» төсбелгісі, «Қазақстан теміржолына 100 жыл», «Қазақстанның кәсіподақ қозғалысына сіңірген еңбегі үшін», «Кәсіподақ ардагері» медальдары – Жұман Сәменовтің осы саладағы сан жылғы еткен еңбегінің жемісі.

«Жұман Сәменовтың 20 жылға жуық кәсіподақ ұйымын басқарудағы тәжірибесі, ұстанымы, оның кәсіби біліктілігі мен өз ісіне деген адалдығы көпке үлгі болуға лайық. Ол әрқашан еңбек адамдарының мүдделерін қорғау үшін күресіп, теміржол саласының дамуына зор үлес қосты», дейді жамбылдық теміржолшылар мен қоғамдық ұйым қызметкерлері бірауыздан.

Ардақ Үсейінова, Жамбыл