Елордада “Қазкөліккәсіп” ҚБ өңірлік кәсіподақ ұйымдары басшыларына арналған екі күндік семинар өтті. Атырау, Маңғыстау, Семей жол бөлімшелері мен Защита торабы және «Кедентранссервис» АҚ бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрағалары қатысқан жиында кәсіподақ қызметінің барлық салаларына қатысты өзекті мәселелер сөз болып, өткен жылғы жұмыстар қорытындыланды.
Семинарды ашқан бірлестік төрағасы Оразғали Ахметбаев жыл басында ұйымдастырылып отырған іс-шараның маңыздылығына тоқталды. Бірлестіктің бас құқықтық инспекторы Назира Кошкумбаева “ҚР Еңбек заңнамасы”, “Ұжымдық шарт: кәсіподақ қызметіне енгізу тәжірибесі”, “Кәсіподақ жарғысы және өзге де нормативтік құжаттар” тақырыбында баяндама жасады. Кәсіподақтың еңбек қорғау жөніндегі бас техникалық инспекторы Қайрат Мұқанов “Қауіпсіздік және еңбек қорғау” тақырыбын көтеріп, өндірістік кеңестер, техникалық инспекторларды оқыту, өндірістік нысандарды аттестациялау мәселесін сөз етті.
-Өткен жылы кәсіподаққа ҚТЖ мен еншілес ұйымдарынан қауіпсіздік және еңбек қорғау, әлеуметтік, басқа да мәселелер бойынша 100 сауал келді. Олардың бәріне дер кезінде жауап берілді. Тағы бір айта кетерлігі, соңғы жылдары қызметкерлердің денсаулығы аяқ асты нашарлауына байланысты туындайтын қайғылы жағдайлар көбейді. Сондықтан “Д” есепте тұрған жұмысшылардың жоспарлы ем мен оңалту шараларынан дер кезінде өтіп, тексеріліп отыруы қадағалануы тиіс. Созылмалы ауруын жасыратын теміржолшылармен түсіндіру жұмыстарын жүргізу керек, -деді Қ. Мұқанов.
Қоғамдық бірлестік төрағасының орынбасарлары – Жұпарбек Сәбитов 2021-2023 жылдарға арналған Ұжымдық шартқа енгізілген негізгі өзгерістер мен толықтырулар жайын сөз етсе, Бақытжан Қуанышев «Қазіргі заманғы кәсіподақтың ақпараттық жұмыстарының ерекшеліктері. Әлеуметтік желілерді қолданудың тәжірибелік машықтары. Мақалалар, БАҚ үшін ақпараттар дайындау. Мобилография негіздері» тақырыбында кәсіподақ өкілдеріне жүктелетін жаңа міндеттер туралы баяндады.
– Бұл семинар жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіледі. Осы жолғы жиын мақсаты – жаңадан сайланған кәсіподақ ұйымдары басшыларын жұмыс барысымен етене таныстыру, олардың өзге әріптестерімен тәжірибе алмасуына мүмкіндік беру және өңірлердегі кәсіподақ төрағаларының заман талабына сай біліктіліктерін арттыруға септік ету. Кәсіподақтың сайты, әлеуметтік желілерде парақшалары бар, сол құралдар арқылы кәсіподақ қызметінің жан-жақты жұмысын насихаттап қана қоймай, жергілікті жердердегі әлеуметтік мәселелерді қалай шешу жолдарын көрсету қажет, – дейді Б.Қуанышев.
Өскемен ЖТ бөлімшесі Кәсіподақ ұйымының төрағасы Берікхан Тілеужанов мұндай семинар өткізу пандемияға байланысты бірнеше жыл тоқтап, енді қайта жалғасын тауып жатқанын айтады.
-Семинардың бірінші күнінде кадрлық, екінші күні қаржыландыру мәселелері бойынша тақырыптар қамтылды. Нормативтік құжаттарды қалай дұрыс толтыру керектігін үйретті. Біздің бөлімшенің кәсіподақ ұйымына 1240 адам мүше. Соларды толғандырған әлеуметтік және басқа да мәселелерді басшылықпен ақылдаса отырып тиімді шешуге тырысамыз, – дейді Б. Тілеужанов.
Семинардың екінші күнінде бастауыш кәсіподақ ұйымдарындағы қаржы жұмыстары, қаржылық құжат айналымы тақырыбында пайдалы ақпараттар берілді. Сонымен қатар бұқаралық іс-шараларды өткізу тәртібі, жоспарлау және олардың есебін беру жайы түсіндірілді. Жиын соңы «Кәсіподақтың ағымдағы қызметі: сауалдар мен жауаптар, тәжірибе алмасу» тақырыбындағы дөңгелек үстелмен қорытындыланып, қатысушыларға арнайы сертификаттар табысталды.
Райхан Рахметова
Суретті түсірген Александр Жабчук