Маңғыстау вагон пайдалану депосын 30 жылға жуық басқарып, бүгінде зейнетке шыққан Құрметті теміржолшы Сәрсенбай Есенқұлов «Қазкөліккәсіп» ҚБ-ның Маңғыстаудағы өкілі қызметіне тағайындалды. Елордадағы аталған кәсіподақтың Орталық аппаратында оны қоғамдық бірлестік басшылары қабылдап, жаңа қызметіне сәттілік тіледі.
– Осы өңірдегі барлық кәсіподақ ұйымдарының кураторы ретінде Орталық кеңестің шыққан қаулысын, кәсіподақтың алдына қойған саясатын сол өңірде жүргізіп, насихаттап отыратын өкіліміз, сонымен қатар аймақтағы теміржолшылардың мұң-мұқтажын бізге жеткізіп отыратын Сәрсенбай Есенқұловтың жұмысы өте күрделі, жауапкершілігі жоғары болмақ. Сондықтан да біз бұл қызметке осы саланың жілігін шағып, майын ішкен, теміржолда абыройлы қызметімен танылған беделді жанды лайық көріп отырмыз, – деді «Қазкөліккәсіп» ҚБ төрағасы Оразғали Ахметбаев.
Бүгінде 64 жасқа келген С.Есенқұлов жолшылар отбасында дүниеге келген. Салада жұмысын 1977 жылы Бейнеудегі Атырау вагон пайдалану депосына қарасты техникалық қызмет көрсету пунктінде ағымдағы жөндеу слесарі болып бастаған.
1990 жылы Алматы теміржол институтына сырттай оқып, вагон құрылымы және вагон шаруашылығы, инженер-техник мамандығы, кейіннен заңгер мамандығы бойынша жоғары білім алған. Вагон жөндеушіден бір аймақтың вагон депосының директоры лауазымына, Құрметті теміржолшы деңгейіне дейін көтерілген. Жоғары білім алғаннан кейін көп ұзамай жұмысы жоғарылап, техникалық қызмет көрсету қосынының шебері болып ауысады. Жас болса да өзін мойындата білген оны төрт жылдан кейін ТҚКҚ басшысы етіп қояды. 1992 жылы оған басшылық Маңғыстау вагон депосы бастығының Бейнеудегі
орынбасары жұмысын тапсырады.
Араға үш жыл салып Маңғыстау вагон депосының бастығы қызметіне тағайындайды. Содан өткен жылдың соңына дейін осы міндетті абыроймен атқарады.
Жүмыстағы жетістіктері үшін түрлі марапаттарға ие болған. 2004 жылы «Адал еңбегі үшін» төсбелгісін, 2012 жылы «Құрметті теміржолшы» атағын алады. 2008 жылы «Үздік басшы» атанса, былтыр үшінші дәрежелі «Еңбек даңқы» орденін кеудесіне тақты. Мерекелік медальдары аз емес.
Қоғамдық жұмыстарға да белсене араласады. 2007 жылы ашылған Мұнайлы ауданында мәслихаттың алғашқы шақырылымына депутат болып сайланып, 12 жыл бойы аудандық мәслихаттың үш шақырылымына қайта сайланып, беделді депутаттардың бірі болды. Отбасылық өмірде де үлгілі әке, сүйікті жар ретінде танымал. Жұбайымен бірге бір ұл, үш қызды өсіріп жеткізді. Ұлы бүгінде депода вагон қараушы.
Ұлан ОРАЗ
Суретті түсірген
Александр ЖАБЧУК