Вы сейчас просматриваете Кәсіподақ төрағасы түбекке келді

Кәсіподақ төрағасы түбекке келді

«Қазақстан салалық теміржол, автомобиль, әуе және су көлігі қызметкерлерінің кәсіби одағы» ҚБ төрағасы Оразғали Ахметбаев маңғыстаулық теміржолшылармен кездесті.
Сала қызметкерлерінің еңбек жағдайларымен танысып, мұң-мұқтажын тыңдауға өңірге іссапармен келген кәсіподақ төрағасы бірнеше жерде болып, жергілікті теміржол мекемелерін аралады. Маңғыстау, Өзен, Бейнеу, Сай-Өтес станцияларына барып, теміржол кәсіпорындарының еңбек жағдайымен, өндіріспен танысқан сала кәсіподағының жетекшісі еңбек ұжымдарымен де кездесулер өткізді. Басқосулар барысында жергілікті жұмысшылар кәсіподақ төрағасына көкейдегі сұрақтарын жолдап, өз ұсыныстарын да білдірді.
Кәсіподақ мүшелері, яғни түбектік теміржолшылар ортаға салып, ұйым төрағасына жеткізген сұрақтар мен ұсыныстар еңбекақы төлеу, жұмыс орындарының жай-күйі мен жұмыс жағдайларына қатысты болды.
Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау, арнайы киіммен, шағын механикаландыру құралдарымен қамтамасыз ету және ұжымдық шартты орындау мәселелері де көтеріліп, кейбір жайттар талқыға салынды.
О.Ахметбаев маңғыстаулық теміржолшылармен кездесуде айтылған ұсыныстар компания басшылығына жеткізіліп, тиісті шешімі хабарланатынын айтты.
Кәсіпорындарды аралап, еңбек ұжымдарымен кездесуден соң төраға басты теміржол мекемелері орналасқан Маңғыстау станциясында мекеме басшылары мен кәсіподақ ұйымдарының жетекшілерімен жиын өткізді. Онда жұмысшылармен басқосуларда көтерілген мәселелер талқыға салынып, кейбір түйткілдерді шешу жолдары сөз болды.
Суретті түсірген автор