Кәсіподақ тарту жасады

Семей ЖТ бөлімшесінде жылдағы дәстүрге сай «Мектепке жол» акциясы кең көлемде жүргізілуде. Салалық кәсіподақ ұйымының ұйытқы болуымен көпбалалы теміржолшылардың бірінші сыныпқа баратын балаларына қажетті оқу құралдары табыс етілуде.
Жуырда осындай бір шара бөлімшеде салтанатты түрде болып өтті. Оған мектеп табалдырығын алғаш аттайтын балақайлар өздерінің теміржолшы болып еңбек ететін әке-аналарымен, ардагер ата-апаларымен бірге жиналды.
Жиынның беташар рәсімін бөлімшенің жаңадан тағайындалған кәсіподақ ұйымының басшысы Есен Қажығұлов алғысөзбен ашып, бүлдіршіндерге, олардың ата-аналарына жылы лебіз білдіріп, келе жатқан білім күнімен құттықтады.
Жүк тасымалы бөлімшесінің кәсіподақ ұйымының төрайымы Данагүл Өтеленова балақайларға мектепке баруға қажетті сөмкелерді тарту етті.
Оған бірінші сыныпқа арналған дәптер, қаламсап сынды өзге де оқушы бұйымдары салыныпты.
Бөлімше бойынша жалпы саны 183 балақай осындай сыйлыққа ие болды. Айта кетерлігі, барлық мекемелер арасында ең көпбалалы теміржолшылар Семей станциясында еңбек етеді екен.
Басқосу соңында барша атааналар қауымы аталмыш іс-шараны ұйымдастырушы кәсіподақ ұйымы мен оның белсенділеріне алғыстарын білдірді.
Абай ЕРТІС, Семей
Суретті түсірген автор