«Қазкөліккәсіп» ҚБ құрамындағы Батыс филиалының кәсіподақ жетекшілері бас қосқан семинарда жыл қорытындысы шығарылып, атқарылған жұмыстар мен алдағы жобалар талқыланды.
Ақтөбе магистральдық желі бөлімшесі кәсіподақ төрағасы Айша Қалағанованың айтуынша, мұндағы 4 911 қызметкердің бәрі де кәсіподаққа мүше. Сондықтан жұмыс беруші мен кәсіподақ комитеті арасында тығыз байланыс бар.
Ақтөбе жүк тасымалы бөлімшесінде еңбек ететін 4 057 қызметкердің де барлығы кәсіподақ мүшесі. Кәсіподақ төрағасы Самат Ұлмағамбетовтің айтуынша, кез келген ұжымда еңбек қатынастары, теміржолшылардың денсаулығына, отбасындағы жағдайға байланысты қолдау көрсету өзекті саналады. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстар қашан да кәсіподақ назарында.
Семинарда сөз алған «Жолаушылар тасымалы» АҚ «Батыс» аймақтық филиалының кәсіподақ төрағасы Құттыбай Кеулімжайұлының айтуынша, 1836 адам еңбек ететін мекемеде қызметкерлер кәсіподақ мүшесі ретінде қорғалған, тиісті жеңілдіктерді пайдаланып келеді.
Жиында теміржол мекемелеріндегі еңбек қорғау, санитарлық жағдай, жалақы мәселесі, еңбек адамдарының демалысын ұйымдастыру, т.т. мәселелер көтеріліп, қызу сөз болды. Батыс аймақтық филиал төрағасы Ғабит Садықов алдағы жылы жобасы қаралатын спорттық орталықты салу мәселесін көтерді.
«Бүгінгі нарық заманында пәрменділігін жоғалтып алмай, нәтижелі жұмыс көрсетіп отырған теміржол кәсіподағы азаматтардың құқықтарын қорғау, қолдау көрсету бағытында өз жұмысын бір сәт те тоқтатқан жоқ. Керісінше, жылдан-жылға беделін арттырып келе жатқан бірден бір салалық ұйым», – деген Ғабит Садықов барша әріптестеріне табанды еңбектері үшін алғыс айтты.
Ардақ Ерубаева