Вы сейчас просматриваете КӘСІПОДАҚ ЖЕТЕКШІСІ !

КӘСІПОДАҚ ЖЕТЕКШІСІ !

Жамбыл белгі беру және байланыс дистанциясында 36 жыл үздіксіз еңбек етіп келе жатқан электромеханик Марат Әбілхайыров – ұжымға сыйлы азаматтардың бірі. Сондықтан әріптестері өткен жылы оны кәсіпорындағы кәсіподақ ұйымының төрағалығына бірауыздан сайлады.

Байырғы байланысшылар дистанциясының ұжымында әу бастан татулық пен ауызбіршілік салтанат құрған. Бұл оларға алдыңғы буыннан сіңген қасиет болса керек. Мысалы, кәсіпорын есебінде өндірістік жарақат алған үш мүгедек жан бар, ұжым мүшелері оларды қамқорлықтарына алып, ұдайы көмектесуді дәстүрге айналдырған. Одан басқа ардагерлер мен жалғызілікті қарттарға мерекеде әлеуметтік себет дайындау да салтқа айналған. Кәсіподақ осы жұмысты тұрақты назарда ұстайды.
– Әрине, әріптестерім сенім білдірген соң оның үдесінен шығу – міндет. Жыл басталғалы жоспар бойынша түзген жұмыстарды орындап жатырмыз. 120-ға жуық зейнеттегі ардагерлермен жиі хабарласып, тиісті көмегін беріп отырмыз. Көп балалы отбасылар да назарда. Атап айтқанда, Гүлнар Рахымберденова деген қызметкеріміз «Алтын алқа» иегері. Жақында ғана басталған «Мектепке жол» республикалық акциясы аясында үш отбасына оқу құралдарын алып бердік. Жылына 7-8 қызметкер зейнетке шығып жатады, ер азаматтардың 60, әйелдердің 55 жасын да ескерусіз қалдырмаймыз. Көктемде
облыс орталығындағы мүгедек балалар интернат үйіне барып, қайырымдылық көмек жасадық. Ал жастарымыз көктемгі-күзгі санитарлық тазалық айларында жалғызбасты қарттардың ауласын тазалап, алғыс алып жүр, – дейді Марат Қайыржанұлы.
Ұжым мүшелері саламатты өмір салтын ұстанып, тұрақты түрде спортпен айналысудан алдарына жан салмайды. Кәсіпорын қызмет көрсететін Шу, Жаңатас, Түлкібас аймағы және Тараздың өзінен екі команда болып жыл сайын әр тоқсанда кіші футболдан жарыс өткізуді дәстүрге айналдырған.
– Оңтүстік, солтүстік, батыс, шығыс болып жылдың төрт мезгілінде ойындар өткізіп, спортшыларды қаржылай және материалдық тұрғыда қолдап келеміз, – дейді кәсіподақ жетекшісі.


Арсен БАЙЗАҚ, Тараз
Суретті түсірген автор