Вы сейчас просматриваете КЕНТ ЖАҒДАЙЫН ЖАҚСАРТУҒА АТСАЛЫСУДА

КЕНТ ЖАҒДАЙЫН ЖАҚСАРТУҒА АТСАЛЫСУДА

Семей қаласында тек теміржолшылар мекен ететін бірнеше шағын аудан бар. Сондай теміржолға жақын орналасқан шеткі аудандардың бірі Теміржолшылар кенті деп аталады. Орталықтан жырақтау жатқандықтан жергілікті атқарушы биліктің назарынан жиі ұмыт қалатыны жасырын емес.

Әйтседе, мұндай аудандар Семей бөлімшесі кәсіподақ ұйымының ұдайы назарында тұр. Кәсіп- одақтың бастамасымен бірқатар игілікті істердің алғышарттары да жасалуда. Бөлімшенің кәсіподақ басшылығы қалалық әкімдікке Теміржолшылар кентін дамыту туралы ұсыныспен шықты. Себебі, мұндағы барлық нысандар, әлеуметтік құрылымдар жергілікті биліктің теңгерімінде. Оның үстіне қаланың шеткері аудандарын дамыту туралы арнайы жоба бар. Осы ретте жақында қала әкімін Теміржолшылар кентіне шақырып, тұрғындардың бастамашыл тобымен кездесу өткізген кәсіподақ мүшелері бірқатар мәселелерді алға тартты.

Ағымдағы жылы теміржолшылар ауданында орталық жол асфальтталды. Сонымен қатар, жарықтандыруды жаңғырту жобасы аясында бір көшеде түнгі мезгілде жарық беру үшін шамдар орнатылды.

– Біз кенттің негізгі жолының асфальтталуын ұзақ күттік. Жол жасалды, қазір жарықтандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Әрине, бірқатар шаралар атқарылды. Ендігі аралықта бізде балаларға арналған ойын алаңын жасау туралы өтініш бар. Бүгінде кенттегі балалардың саны жүзден асады екен. Әйтседе, спортпен шұғылданатын және демалатын орын жоқ, – деді кәсіподақ ұйымының төрағасы Алик Досанов қала әкімімен кездесуде.

Қала әкімі тұрғындармен ақылдасып ойын алаңын салатын учаскені анықтады. Қала әкімі аталған мәселелер Семейді дамытудың Кешенді жоспары аясында шешілетінін жеткізіп, алдағы жылы балалар және спорт алаңы ғана емес, воркаут-алаңы да салынатынын айтып өтті. Ол үшін биыл жобалық-сметалық құжаттама дайындалатын болады.

Жиын барысында сондай-ақ, аталмыш кентте су құбырын салу және ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі де көтерілді. Әкім келесі жылы кент көшелерін сумен жабдықтау жобасын әзірлеуге қаражат бөлінеді. Ал, аталмыш жобаны іске асыру 2023 жылдың бірінші тоқсанында басталады деп мәлімет берді. Алик Досанов алдағы уақытта кентте жүргізілетін жұмыстардың барлығы теміржолшылар кәсіподағының да назарында болатынын жеткізді.

Қуан ЕРТІС,

Семей