Семейлік теміржолшылар бөлімше тарихында тұңғыш рет киберспорттан біріншілік өткізді. «FIFA-2021» атауымен жаңа жыл қарсаңында өткен айрықша шараға желі бойындағы мекемелерден барлығы 12 команда қатысып, өзара шеберлік сынасты.
Айта кетсек, еліміз бойынша 2018 жылдан бастап ресми түрде спорттық ойындарға жатқызылған eSports ұлттық компания бойынша да, әсіресе, жастар арасында жақсы дамып келеді. Оған осы жолғы сайыс анық дәлел болды.
Компьютерлік сауаттылықты ғана емес, дәлдік пен шапшаңдықты, тез шешім қабылдау мен командалық рухты талап ететін бұл ойын барысында теміржолшы жастар өзара біліктіліктері мен шеберліктерін сарапқа салды.
– Бұл бөлімшеміз бойынша алғаш ұйымдастырылып отыр- ған спорттық сайыс болса да оған қатысуға тілек білдірушілер саны өте көп болды. Жастар арасында қызығушылық аса жоғары. Геймерлер шеберліктерін толық дәлелдей алды. Онлайн көрермендер де дән риза. Алдағы уақытта аталмыш сайыс түрінен тағы да жарыстар өткізбекпіз, – дейді киберспортты ұйымдастырушы, Семей ЖТ бөлімшесінің «Локомотив» спорт клубының нұсқаушысы Жанат Мойынбаев.
Дегенмен виртуалды кеңістікте өткен жарыс барысында тек мықтылар ғана жеңіске жетті. Жүлделі үшінші орынды ВЧД-23 вагоншылары иеленсе, екінші орынды Жаңа-Семей станциясының қозғалысшылары жеңіп алды. Әйтсе де, бас жүлде компьютердің «құлағында» ойнаған «Семейтранстелеком» филиалының «ТТС» командасының жігіттеріне бұйырды. Осылайша, Семей станциясының желілік кабельдік бригадасының инженері Нұрлан Амангелдинов пен ақпараттық технологиялар қызметінің инженері Диас Адылхановқа арнайы диплом мен бағалы сыйлық табыс етілді.
Айта кетсек, онлайн спорттың бұл түрімен шұғылданушылар әуесқой спортшылар санатына жатқызылады. Ақпараттық технологиялар қарқынды дамыған қазіргідей заманда электронды кибернетикалық ойындардың болашағы аса зор деседі. Бұл, тіпті, бір есептен теміржол саласындағы кәсіби машықтың шыңдалуына да септігін тигізеді деп санайды семейлік киберспортшылар.
Қуан ЕРТІС, Семей
Суретті түсірген автор