Кіл мықтыда кім мықты?

Қазалы вагон пайдалану депосының теміржолшылары аймақтағы үздік вагон қараушыларды анықтады. Сонымен кіл
мықтыда кім мықты дейтін болсақ, нағыз вагон қараушыға тән қырағылықпен, озық тәжірибесін көрсете білген Қызылорда техникалық қызмет көрсету бекетінің вагон қараушы-жөндеушісі Рысбек Оразалиев жүлделі 1-орынды қанжығасына байлады.
Компанияның Қызылорда ЖТ бөлімі мен Қауіпсіздік департаментіне қарасты Қызылорда учаскесінің ревизорлар аппараты басшылығымен бірлесіп ағымдағы жылда қозғалыс қауіпсіздігін нығайтуға арналған профилактикалық шаралар жүргізу жоспары бойынша депоның үздік теміржолшылары арасында «Үздік вагон қараушы» сайысы өтті.
Биыл Түркістан мен Сексеуіл станциялары арасындағы депоның вагондарды бақылау пункттерінде жұмыс жасайтын вагон қараушы-жөндеушілердің ішінен ең үздігі Қазалы станциясындағы депо орталығында өткен байқауда бақ сынады.
Депо бастығы Арғын Орымбаев, кәсіподақ ұйымының төрағасы Бақытжан Ибрайым, басшы орынбасарлары мен тәлімгер, инструкторлардың 2 сатылы сынағына түскен вагон қараушылардың барлығы жинаған тәжірибелерімен бөлісіп, теориялық білімін дәлелдеп, шеберліктерін байқатты.
– Бүгінгі екі турдан тұратын үздіктер сынағына қатысқан вагон қараушы-жөндеушілер – шын мәнінде депоның мақтаныштары. Олар – осыған дейін өздері еңбек ететін бақылау бекеттерінен ақаулы вагонды өткізбей таба білген тәжірибелі теміржолшылар. Алғашқы турда теориялық білім сынға салынды. Екінші емтихан кезінде ағымдық жөндеу тұйығында (АЖТ) тұрған №24474280 вагонының техникалық жағдайын қарап, оның техқұжатқа сәйкес емес тұстарын практикалық тұрғыдан анықтады. Бұл вагон қараушының бекетке аялдаған вагондарға күнделікті техқызмет
көрсету әрекеттері сараланған сынақта үміткерлердің барлығы шеберліктерін дәлелдей білді. Пойыздардың қозғалыс қауіпсіздігін нығайтуға арналған профилактикалық шаралар санатындағы мұндай сынақтар әріптестерімнің өз кәсібін жанжақты меңгеруге машықтандыра түседі, – деді байқаудың қазылар төрағасы, депо бастығы Арғын Орымбаев.
Сынақ нәтижесінде Шиелі техникалық қызмет көрсету бекетінің вагон қараушы-жөндеушісі Табиғат Абдураев жүлделі 3-орынды иеленді. Қазалы ТҚКБ вагон қараушы-жөндеушісі Серік Шаден жүлделі 2-орынға шықса, өзгелерден өз тәжірибесімен және біліктілігімен асып түскен Қызылорда ТҚКБ вагон қараушы-жөндеушісі Рысбек Оразалиев жүлделі 1-орынды қанжығалады. Бұдан бөлек Сексеуіл станциясындағы техқызмет көрсету бекетінен Қайырбай Нұрсейітов, Болатбек Сансызбаев, қазалылық Айбек Қараманов, Нұрсұлтан Бақытжанұлы, Тереңөзектегі бақылау бекетінен Александр Абдураймов та өз кәсіптерінің үздіктері болуға лайық екендіктерін дәлелдеді. Сынаққа қатысушылар мен жүлдегерлерге депо басшылығы және кәсіподақ ұйымы атынан дипломдар мен сыйлықтар табысталды.

Сабырхан СЕЙІЛБЕКҰЛЫ,
Қазалы
Суретті түсірген автор