Кіл шеберлер бас қосты

Арыстағы орталық стадионда спорттың бес түрінен сайыс өтіп, түркістандық теміржолшылар арасында үздіктер анықталды.
«Қазкөліккәсіп» ҚБ Шымкент магистральдық желі бөлімшесінің кәсіподақ ұйымы ұйымдастырған спорттық спартакиадаға теміржол мекемелерінен құралған 5 команда қатысты. Футбол мен үстел теннисі, қол күресі (армрестлинг), тоғызқұмалақ және дартс (шеңберге ату) бойынша өткен бәсеке жүзге жуық теміржолшыны қамтып, салауатты өмір салтын ұстану қағидасы кеңінен насихатталды.
Жеребе бойынша өзара қарсыластар анықталып, жұптасып өнер көрсеткен 3 топ арасында тартысты ойын өрбіді. Командалардың осалы жоқ, кіл шеберлер бас қосқан ба дерсің. Нәтижесінде командалық ұпай санымен Әскерилендірілген теміржол күзеті мекемесінің жігіттері ІІІ орын алды. Ал Арыс локомотив пайдалану депосының «ТЧЭ-32» командасы ІІ орынға иелік етті. Үздік деп танылған І орынға Арыс белгі беру және байланыс дистанциясынан құралған «ШЧ-38» командасы көтерілді.
Айта кетейік, жеңімпаздар спорттың 5 түрі бойынша жиналған балдық көрсеткіштің ортақ қосындысы бойынша анықталды.
Бұқаралық спорттың дамуына атсалысқан барлық спортшылар мен команда мүшелері ұйымдастырушылар тарапынан бағалы сыйлықтармен және медальдармен марапатталды.
Нұрлыбек Досыбай