Өткен сенбі семейліктер үшін ерекше күн болды. Ел аузында «Кіші Түрксіб» аталып кеткен, Ертіс өзенінің ортасындағы Бейбітшілік аралында қайтадан салынған балалар темір жолы ресми түрде іске қосылды.
Салтанатты шараға шаһардағы барлық мектептердің балалары, теміржолшылар мен сала ардагерлері, жергілікті билік өкілдері қатысты. Айта кетсек, ұзындығы 2 шақырымды құрайтын жаңа теміржол желісінде үш вагон мен бір тепловоз қызмет көрсетеді. Ұзындығы 12 метр болатын вагонның жалпы сыйымдылығы 70 адамды құрайды. Егер сұраныс арта түсетін болса, алдағы уақыттарда қосымша вагондар тапсырыспен алынатын болады. Бір мезетте 100 бала саябақты пойызбен аралай алады.
Көпір мен биологиялық орталықты алып жатқан екі шақырым аумақты қамтитын теміржол желісінің бойында барлығы 4 бекет орналасқан. Ал жылжымалы құрам жылдың төрт мезгілінде де тұрақты қатынайды. Себебі барлық вагондарда арнайы әзірленген жылыту жүйелері бар.
Бұл жоба балалар мен жасөспірімдерге арналған ерекше мәдени әрі оқыту алаңы ретінде қайта жаңғырды. Болашақта аталған теміржолдың қолданыс аясын кеңейтіп, қосымша бекеттер салу да күн тақырыбында тұр. Жобаның сәтті жүзеге асуына ірі кәсіпорындар демеушілік жасады. Яғни KazMinerals компаниясы тепловоз бен вагондарды сатып алуға демеуші болса, жергілікті «Бақыршық тау-кен кәсіпорны» инфрақұрылымды салып шығуды өз мойнына алған еді.
Өткенге үңілсек, Семейдегі алғашқы балалар темір жолы 1979 жылы ашылған болатын, алайда 1995 жылы қаржының жоқтығы себепті тоқтап қалған еді. Өткен жылы облыс әкімдігінің бастамасымен тарихи нысанды қайта жандандыру жұмыстары басталып, бүгін міне жоба толық аяқталды.
Жаңа желінің ашылуына орай мерекелік іс-шара ұйымдастырылып, бұл күні барлық бала пойызға тегін міну мүмкіндігіне ие болды. Сонымен қатар балаларға тәтті сыйлықтар да үлестірілді.
Қуаныш Қожаев