Жамбыл магистральдық желі бөлімшесі Ғылыми-техникалық орталығына қарайтын техникалық кітапхана Байзақ батыр көшесі №168 мекенжайындағы бес қабатты үйдің бірінші қабатында орналасқан. Бұл көшеде теміржол мекемелері
көп орналасқан және тұрғындарының дені – байырғы, ардагер теміржолшылар.
Екі бөлмеге орналасқан кітапхана тұрақты жұмыс істеп тұр. Бір бөлмесі техникалық кітаптар мен ғылыми-техникалық құжаттарды қосқанда 26 905 кітап қоры жинақталған кітапхана болса, екінші бөлмесінде Жамбыл магистральдық
желі бөлімшесінің архиві сақтаулы. Бұдан бөлек Шу және Сарышаған станцияларында филиалдары бар. Техникалық кітапхананың бас техникалық кітапханашысы Жәнібек Рысбековтің айтуынша, бүгінгі күні кітапхана қызметкерінің
айлық-жалақысы мен нысанның коммуналдық төлемақысын тікелей Жамбыл магистральдық желі бөлімшесі төлеп отырғанымен, басқару, ақпараттық демеу – соңғы алты айдан бері Астанадағы Азаматтық құқықтық (ГПХ Гражданско-правовой характер) орталығына тәуелді екен.
– Бір кездері оқырмандарымыз есігімізді ашпай кеткен күндер де болды. Тек күніне бір-екі зейнеткер келіп тұратын. Қазір оқырмандар қатары артты. Және жас мамандардың көп келетіні қуантып отыр. Бұған себеп, «NUR» KZ сайтына жаңа жұмыс орнына конкурс жариялағанда жас мамандар «әңгімелесуден» өтеді. Онлайн жүйесі арқылы өтетін бұл шараға Астанадағы комиссия мүшелері де «ZOOM» арқылы қатысады. Сондықтан, мамандар сынақтан сүрінбей өту үшін өздеріне керекті тақырыптарды бізден тауып, дайындық үстінде болады. Бұған тағы бір себеп – ғаламтордағы кей мәліметтердің дұрыс шықпауы.
Оның үстіне біз теміржолшылар сұраныстарын қанағаттандыру үшін керекті техникалық газет-журналдарға жазылып отырмыз. «Гудок», «Қазақстан теміржолшысы», «Қазақстанда еңбекті қорғау», «Кадры», анықтамалығы» газет-журналдарына сұраныс басым, – дейді Жәнібек Есмұратұлы.
Жәнібек бұл салаға 2018 жылы мүгедектікке шыққан соң денсаулығына байланысты келген екен. 2004 жылдан бері болат
жолда еңбек еткен. Уақытында «Достық» станциясында, «Жамбыл ЖТ бөлімшесі» филиалында қозғалыс қауіпсіздігі бойынша пойыз диспетчеріне дейін көтерілген. Сондықтан сала жұмысы оған өте таныс және ыстық.
Ерман ӘБДИЕВ, Тараз
Суретті түсірген автор