КОНФЕДЕРАЦИЯ КЕҢЕСІНЕ ҚАТЫСТЫ

Армения астанасы Ереванда Теміржолшылар кәсіподақтарының халықаралық конфедерациясы (ТКХК) кеңесінің 65-отырысы өтті. Оған Армения, Беларусь, Грузия, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Ресей кәсіподақтарының делегациялары қатысты.
ТКХК және Роспрофжел төрағасы С.И. Черногаевтың жетекшілігімен өткен жиынның күн тәртібінде он төрт мәселе қаралды. Алдымен ТКХК кеңесі құрамындағы өзгерістер туралы Конфедерацияның бас хатшысы Г.Н.Косолапов таныстырды. Бұдан кейін ТКХК қызметіндегі ағымдық жағдай, сала еңбеккерлерінің әлеуметтік-экономикалық ахуалы, Конфедерация Конгресінің 7-ші шешімінің орындалуына қатысты кәсіподақтардың іс-әрекеті туралы кәсіподақ төрағаларының баяндамасы тыңдалды.
– Жиында ТКХК кәсіподақтарының шекаралық ынтымақтастығы туралы Меморандумның орындалу барысы және Жол картасының әзірленуі мен оның 2023 жылы іске асырылуы, ТКХК кәсіподақтары тарапынан өз елдерінің өңірлеріндегі темір жолдарда локомотив бригадаларының еңбек жағдайын тексеруі сөз болды. Сонымен қатар ТКХК-ның Еуропалық Көлікшілер федерациясымен өзара әрекеттесуі,
2023 жылға арналған негізгі іс-шаралар жоспары да назардан тыс қалмады, – деді халықаралық жиынға қатысқан «Қазкөліккәсіп» ҚБ өкілі Қайрат Мұқанов.
Отырыста ТКХК тарапынан өткен жылы атқарылған іс-шаралар қатысушылар назарына ұсынылған. Олардың қатарында былтыр 15-17 маусымда ТКХК бас хатшысының
қатысуымен Алматыда өткен Қазкөліккәсіп Орталық кеңесі отырысы мен 2022 жылдың 28 маусымында Челябинск қаласында өткен Роспрофжел президиумының көшпелі жиынында ТКХК-нің жалпы саясатына сәйкес Роспрофжел мен Қазкөліккәсіп арасында ынтымақтастық және шекаралық өзара әрекеттесу туралы Меморандумға қол қою бар.

Сұлугүл БАКЕСОВА,
Астана