Теміржолдың жұмысы қиын, бейнеті де аз емес.
Соның ішінде экологиясы нашар Атырауда ауыр еңбек жағдайында жұмыс істеу түгілі, көшеде жай тыныстап жүрудің өзі оңай емес Жан-жақтан қаптаған мұнай зауыттарынан шыққан зиянды қалдықтарды, аспанды торлаған қап-қара түтінді жұтып жүрген жергілікті халықтың жаны сірден берік екен деп ойлайсың.
Осы орайда ең болмаса жылына бір рет ауасы жайлы, табиғаты келісті демалыс орындарына барып, денсаулықты түзеу қажеттігі туындайды.
Теміржолшылар мұндай игіліктен кенде емес. Мәселен, Ақжайық белгі беру және байланыс дистанциясында былтыр 10 жұмысшы және екі зейнеткер санаторлы-курортты орындарда демалған. Әйтсе де, сұраныс бұдан әлдеқайда көп.
Сондықтан жергілікті теміржолшылар жыл сайын демалыс орындарына бөлінетін квота саны көбейтілсе деген тілек білдіреді, сонда шипажайларда емделіп, таза ауамен тыныстаушылар қатары да молаяр еді.
Дистанция бастығының орынбасары Сәлима Жұматованың айтуынша, ұжымдық шартқа сәйкес теміржолшыларға тиісті жеңілдіктер жасалып отыр. Былтырғы оқу жылы қарсаңында 7 көпбалалы және аз қамтылған отбасына, сондай-ақ 69 жұмысшының баласына 2 АЕК көлемінде, «Отбасы күніне» орай төрт және одан көп баласы бар 39 қызметкердің балаларына
(барлығы 151 бала) 4 АЕК көлемінде жәрдем көрсетілсе, 23 бала Ақтөбе қаласындағы «Энергетик» лагерінде
демалған. Сондай-ақ, 7 қызметкер мен 1 зейнеткерге түрлі жағдайға байланысты материалдық көмек көрсетілген.
Қосұйым МҰҚАШЕВ, Атырау