Локомотившілер қарттарға көмекке келді

Ел шығысындағы ауа райы біршама алаңдатып тұр. Қыс кешігіп жеткенімен, бірқатар таулы өлкелерді, соның ішінде табиғаты аса қатаң саналатын Аягөз өңірін де қалың қар басып қалды.

Осы орайда Аягөз локомотив пайдалану депосының теміржолшылары ерекше қайырымдылық шарасын қолға алды. Олар қалада тұратын қарттар мен жалғызбасты тұрғындардың аулаларын қардан тазарту жұмыстарын бастап кетті. Мәселен, жуырда мекеме басшысы, аудандық мәслихат депутаты Алмас Жанатқалиұлынан «Ет комбинаты» аумағындағы бір тұрғын көмек сұрап келген болатын. Локомотившілер әлгі тұрғынның бір апта бойы күрелмеген қарын әп сәтте тазалап тастап, ауласын айнадай етті. Осыған дейін олар арнайы техниканың көмегімен қала ішіндегі бірқатар көшелерді ақ ұлпадан аршып шыққан болатын. Енді жалғызілікті қариялардың ауласын қардан тазартуды тұрақты жүргізуді қолға алуда.

Жалпы, ел шығысындағы теміржолшылар ағымдағы жылғы қармен күрес жұмыстарына үлкен күш жұмсап, күшейтілген режимде жүргізуде. Әсіресе Алтай, Өскемен, Риддер және Аягөз өңірі бойынша ауқымды жұмыстар атқарылуда. Сәйкесінше, желі бойында «қар сенбіліктеріне» баса көңіл бөлінуде.