Жуырда «Түрксіб-Семей» мұражайына ерекше тарту жасалды.
Ресейдің Алексин қаласынан арнайы капсулаға салынған топырақ әкелініпті. Себебі дәл осы жерде 1941 жылдың желтоқсан айында өткен кескілескен ұрыста Семейде жасақталған 238-ші гвардиялық атқыштар дивизиясының жауынгерлері шейіт болған. Олардың қатарында теміржолшылар аз болған жоқ.
Басқосуға орай ұйымдастырылған шараға «Түрксіб-Семей» мұражайының негізін қалаған Құрметті теміржолшы, қоғам белсендісі Мақсұт Көшжанов пен «Қазкөліккәсіп» ҚБ Семей өңірі бойынша өкілі Есен Қажығұлов және қаладағы орта, арнаулы оқу орындарының ұстаздары, ардагерлер қауымы қатысты.
Жиын барысында іргелі шараға ұйытқы болып отырған Абай облыстық ардагерлер ұйымының төрағасы Мұратқазы Алин ақсақал Ресейдің Алексин қаласының Даңқ қорғанынан алынған бір уыс топырақ салынған капсуланы теміржолшыларға салтанатты түрде табыс етті. Ендігі аралықта аталмыш жәдігер «Түрксіб-Семей» мұражайының төріндегі соғыс жылдарындағы аймақ теміржолының тарихына қатысты тағылымы мол мұралар қатарынан орын алмақ.
Сонымен қатар басқосуда салалық кәсіподақтың өңірлік өкілі Есен Асқарұлына әскери-патриоттық сипаттағы игі бастамаларымен, қазақстандық патриотизмді насихаттаудағы еңбектері үшін Алғыс хат табыс етілді.
Абай ЕРТІС, Семей
Суретті түсірген автор