Мұражай – мәдениет ошағы

Ақтөбедегі теміржолшылар мұражайында не жоқ дейсіз… 400-ге жуық жәдігерлер, құнды деректер сақталған рухани және мәдени орын ғасырдан астам тарихтың жылнамасын топтастырған
«Қазкөліккәсіп» ҚБ қарасты мұражайдағы жәдігерлер ХХ ғасырдың басындағы теміржолшылар пайдаланылған бұйымдар мен алғашқы нысандық формалар үлгісінен басталады. Орынбордағы басты теміржол шеберханасының көрінісі, паровоз машинистері мен олардың көмекшілері, от жағушылар, темір ұсталары, балға соғушылар, слесарлар, кондукторлық құрам, бағыттамашылар, пойыз құрастырушылар, жол жөндеуші жұмысшылар, жолшылар мен өткел күзетшілері, жол және көпір шеберлері, инженерлік-техникалық персонал туралы сарғайған ескі суреттер мен газет тігінділері қазақ темір жолының тұтас бір дәуірін көз алдыңа әкеледі. 1906 жылы теміржолшылардың орташа жалақысы айына 37,9 рубль болғаны туралы құжаттар да сақталған.
Қазақстанға теміржол батыс өңірден бастап тартылғаны белгілі. Мұражайдағы деректер «Орынбор-Ташкент» магистралінің құрылысы, қалыптасу жылдары, кеңес үкіметі, соғыс жылдары, одан кейін тәуелсіз Қазақстанда салынған
жолдар, бүгінгі ҚТЖ тарихымен астасқан отандық болат жолдың жылнамасы рет-ретімен жасалған.
Батыс Қазақстан теміржолының тарихынан сыр шерткен құжаттар ғана емес, ардагерлер мен озық жұмысшылар туралы да түрлі деректер, олардың марапаты, формалары, ұстаған бұйымдары сақтаулы. Теміржолға қатысты ақпараттар мен
фотоматериалдар, макеттер, сызбалар, диаграммалар мен карталардың да түр-түрі бар.
– Барлығы 338 жәдігер жинақталған. Оның ішінде негізгі қор – 162. Төрт залдан тұратын мұражайдың көне залы, жаңа залы бар. Тәуелсіздіктен кейінгі темір жолдың тарихын Қазақстанда баламасы жоқ Ақтөбе рельс-арқалық зауыты,
Шалқар-Тассай учаскесі және Алтынсарин-Хромтау теміржолының макеттері толықтырады. Туған өлке тарихын, соның ішінде теміржол тарихын білгісі келетіндерге есігіміз әрқашан ашық, – деді мұражай меңгерушісі Анар Жұбаева.
Ардақ ЕРУБАЕВА, Ақтөбе
Суретті түсірген автор