Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күнін мерекелеу шеңберінде «QUANTUM STEM School» оқушылары «ҚТЖ» ҰК» АҚ мұражайын аралады.
Оқушылар теміржол саласының бірегей экспонаттарымен, ертеректе теміржолшылар жұмыс барысында қолданған аспаптармен және көненің көзіне айналған техникалармен танысты. Мұражайды тамашалауға келген балғын жастар экспонаттарға зейін сала қарап, тіпті өздеріне қызықты дүниелер тапты. Осы ретте ҚТЖ мұражайындағы әрбір экскурсия жастардың темір жол тарихына бойлап, сондай-ақ балалардың болат жол бойында қауіпсіздік ережелерін сақтауға назар аударуларына мүмкіндік береді.
– Оқушыларға теміржол музейі ұнады. Әсіресе, теміржолшылардың бұрынғы кезде қолданған қолшамдары, ескі телеграф, паровоз, тепловоздар, теміржолшы мундирі, қоңырау, тағысын тағылар оларға, шын мәнінде, таңсық дүниелер еді. Олар кейбір экспонаттардың қасында ұзақ болып, қызығушылық танытты, көптеген мағлұматтар алды, – дейді музей меңгерушісі Ақмарал Молдашева. Экскурсиядан кейін Ақмарал Молдашева шағын викторина өткізіп, ең белсенді балаларға естелік сыйлықтар табыстады. Сонымен қатар, барлық қатысушыларға темір жолдағы қауіпсіздік ережелері жазылған жапсырмалар түріндегі кәдесый өнімдерін, блокноттар мен значоктар тарту етті. Экскурсиядан кейін оқушылар дәстүр бойынша мұражайдың тілектер альбомына өз лебіз-пікірлерін қалдырды. Соңында естелік суретке түсті.
Ислам ТАЛҒАТ