Аймақ теміржолшыларының компанияның 120 жылдық мерейтойына орайластырылған мәдени-спорттық шаралары жалғасын табуда. Өткен демалыста өткен шахмат турнирі мен тоғызқұмалақ сайысына станциядағы салалық мекемелердің бәрі қатысты.
Бөлімшенің спорт нұсқаушылары Бақытжан Имбергенов пен Фатима Медеуова төрағалық еткен спорттық сайыста ерлер мен әйелдер аралас ойын өткізіп, ептілер мен мықтыларды анықтады.
– Шахмат пен тоғызқұмалақтан ұйымдастырған жоспарлы жарысқа «Қазкөліккәсіп» ҚБ Қызылорда филиалы демеушілік жасап, филиал төрағасы Бауыржан Ахметовтің дипломы мен кәсіподақ ұйымдары атынан бағалы сыйлықтар берілді.
Ендігі кезектегі осындай спорттық сайыс станцияларда жалғасатын болады. Шахмат турнирі Фиде кодексіне сай швед жүйесі мен тоғызқұмалақ өткізу қағидасының талаптарына сай жүргізілді, – деді спорт секторы Бақытжан Имбергенов.
Екі сайыс та шиеленісті, сонысымен қызықты өтіп жатты.
Шахматта «мат» болмау үшін түрлі жүріс тәсілдерін ойластырғандар қарсыластарын қапы қалдырса, тоғызқұмалақтың құмалағын өрге шиіре алмағандар саптан шығып жатты.
Осылайша бір-бірінің жүрісін аңдып, айлаларын асырғандар жүлдеге жақындай түсті. Нәтижесінде екі сайыстың қорытындысы бөлек жарияланып, шахматтан қарсыластарына түгеліне мат қойған Қызылорла жол дистанциясының өкілі Берік Өмірзақов 1-орынға шықты. Оның соңын ала Қызылорда локомотив пайдалану депосынан Алмат Аманқұлов 2-орын иеленсе, 3-орын Белкөл станциясынан қатысқан Қанжар Ділмағанбетовке бұйырды. Ал тоғызқұмалақ сайысында 3-орын Қызылорда станциясынан Әмірбек Матжановқа, 2-орын Қызылорда қалпына келтіру пойызынан Нұрлан Есеналиевке берілсе, жүлделі 1-орынды Қызылорда вокзалынан Анаргүл Қарымсақова жеңіп алды.
Сабырхан СЕЙІЛБЕКҰЛЫ, Қызылорда
Суретті түсірген автор