Вы сейчас просматриваете МАҚАТТА ӨТКЕН МЕРЕКЕ

МАҚАТТА ӨТКЕН МЕРЕКЕ

Мақат орталық стадионында Атырау жүк тасымалы бөлімшесі кәсіподақ ұйымының ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына шағын футболдан жарыс өтті.

Спорттық сайысқа 6 команда: Мақат станциясынан 2 команда, Мақат локомотив депосы, Мақат қалпына келтіру пойызы, Әскерилендірілген теміржол күзеті және «Қамқор-Сервис» командалары қатысты.

Жеребе бойынша іріктелген кестеге сай командалар тартысты да тартымды, әдемі ойын өрнегін көрсетіп, жанкүйерлерді әбден риза етті. Әрине, кубок атауының өзі-ақ ойыншыларды намысқа шақырып тұр. Сондықтан қарсыласына ұпай бермеуге тырысқан ойыншылар қызу додаға түсіп, бір-біріне дес бермей ұзақ тартысты. Командалар соңғы ойынға дейін жеңісті қолдан бермеуге тырысып, бір ойында жеңілсе, екінші ойында қарсыласын ойсырата жеңді.

Дегенмен, сайыс бар жерде жеңіс бар, бірінші орынды мақаттық локомотившілер жеңіп алды. Екінші орынды «Қамқор-Сервис» ЖШС, ал үшінші орынды әскерилендірілген күзет қызметі командасы иеленді. Командаларға сайысқа қатысқаны үшін диплом мен ақшалай сыйлық берілді. Кентте көптен бері мұндай спорттық шара өтпеген еді, сондықтан теміржолшылар үшін бұл нағыз спорт мерекесіне айналды.

Атырау жүк тасымалы кәсіподақ ұйымының спорт жөніндегі нұсқаушысы Ринат Иманғазиевтің айтуынша, командалар жарысқа жақсы дайындықпен келген.

Қосұйым МҰҚАШЕВ,

Атырау