Мақсат – қауіпсіздік мәдениеттін көтеру

Жуырда Семей ЖТ бөлімшесінде «Кернеудегі өмір. Өндірістік жарақаттардың алдын алу» атты тақырыпта семинар болып өтті. Шараға бөлімшенің өндірістік қауіпсіздік бөлімі мен салалық кәсіподақ ұйымы ұйытқы болды.

Семинардың беташар рәсімін Семей ЖТ бөлімшесінің бас инженері Думан Жылқыбаев ашып, өндіріс орнындағы қауіпсіздік пен сақтық шаралары және биылғы жылы туындаған жазатайым оқыс оқиғалар жөнінде баяндама жасады. Еңбекті қорғау мақсатында ұйымдастырылған жоспарлармен де таныстырды.
– Сіздерді жинап, семинар өткізудегі негізгі мақсат – еңбекті қорғау бағытындағы жұмыстарды ұйымдастыру бойынша дұрыс көзқарас қалыптастыру, өндірістік жарақаттардың алдын алу, – деді өз сөзінде Думан Дәулеткелдіұлы.
Басқосуда сонымен қатар Абай облысы бойынша еңбек инспекциясының мемлекеттік инспекторы Бауыржан Әміртаев та сөз алып, жұмыс беруші мен жұмысшы арасындағы еңбек келісімшартының орындалуы, жұмыс орнындағы қауіпсіздік талаптары жайлы сөз өрбітті.
Сондай-ақ арнайы шақырылған қонақтар қатарында Семей бөлімшелік көліктегі санитарлық бақылау басқармасының бөлім басшысы Эльвира Труспекова және «Семей теміржол емханасы» ЖШС бөлім жетекшісі Елена Третьяковалар да тақырып аясында баяндама жасады. Теміржолшылар арасында
жиі кездесетін сырқат түрлерін сөз еткен Елена Борисовна жұмыс орнындағы өлімжітімнің алдын алу, сала қызметкерлерінің бойында кездесетін «кәсіби сырқаттар» жайлы әңгімелеп берді.
– Медициналық зерттеулер көрсеткендей, тепловоз машинистерімен кеңсе қызметкерлерінің арасында ең жиі кездесетін жүрек-қан тамыр аурулары желі бойында жүретін жолшылар арасында өте төмен екен. Таза ауада ұзақ болып, жаяу жүрудің артықшылығын осыдан-ақ аңғаруға болады, – деген Елена Борисовна дұрыс тамақтану, стреске жол бермеу жайлы кеңес берді. Сәйкесінше дәрігерге қойылған сауалдар да көп болды.
Сонымен қатар жиын барысында Өскемен локомотив пайдалану депосының өндірістік қауіпсіздік және экология секторының басшысы Қанат Мақашев сөз алып, ағымдағы жылдың ақпан айында жұмыс орнындағы еңбек қауіпсіздігі шараларын сақтамау салдарынан тепловоз машинисінің тосын
қазасы және оның себебі жайлы айтып берді. Сондай-ақ болған оқиғаға негізделген, теміржолшылардың өздері түсірген деректі фильм көрсетілді.
Семинар барысында «Электр тоғының ағзаға әсері», «СКД6е, 2ТЭ10М және ТЭ33А сериялы локомотивтеріндегі электр қауіпсіздігін сақтау ережелері», «Өндірістік жарақаттардың алдын алу бойынша профилактикалық жұмыстар», «Қауіпсіздік мәдениетін көтеру» сынды тақырыптар бойынша баяндамалар жасалды. Бекзат Кәрімханов, Берікжан Конкашев, Айжан Ботаханова сынды өндірістік қауіпсіздік саласына жауапты мамандар тақырып аясында әңгіме өрбітті.
Басқосудың соңында айтылған фактілер сарапқа салынып, қатысушылар өзара пікір алмасты.
Ал семинардың соңында өндіріс орнында жарақаттану мен оқыс жайттарға жол бермеген бірқатар станциялар басшылары марапатталды. Атап айтсақ, бөлімше басшысының бірінші орынбасары Қуаныш Әміренов еңбек қорғау мәдениетін жоғары деңгейге көтергендері үшін Суықбұлақ станциясы, Шар станциясы, Аягөз локомотив пайдалану депосы, Семей вагон пайдалану депосы сынды бірқатар іргелі мекемелердің ұжымдарына бөлімше басшысының Алғыс
хатын табыстады.